Түркістан облысында қаржы пирамидасына қатысқан 20 адам сотталды
Келтірілген шығын 390 миллион теңгеден асқан

Түркістан облысының Төлеби ауданында қаржы пирамидасын ұйымдастырған және қатысқан 20 адам сотталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
2022-2023 жылдар аралығында сотталушылар «дәрілік препаратты әзірлеуге инвестиция жасаймыз» деген сылтаумен 279 жәбірленушіге жалпы сомасы 391 690 170 теңге шығын келтірген.
«Үш сотталушы «Chia Tai Tianging Pharmaceutical Group» қаржы (инвестициялық) пирамидасының құрылымдық бөлімшесіне басшылық еткен, ал 17 сотталушы пирамиданы жарнамалау арқылы адамдарды шақырған», - деп хабарлады облыстық соттың баспасөз қызметі.
Сот сотталушылардың денсаулық жағдайларын, мінездемелерін, отбасылық жағдайларын, асырауындағы кәмелетке толмаған балаларының болуын жазаны жеңілдететін мән-жай ретіне қарастырды. Ауырлататын мән-жайлар анықталмады.
Сот үкімімен ұйымдастырушылардың бірі 7 жылға, екеуі 5 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айырылды.
17 сотталушы 2-3 жыл аралығында жаза арқалады. Олардың бірінің жазаны өтеу мерзімі 5 жылға кейінге қалдырылды. Үкім заңды күшіне енген жоқ.