Алматыда Калашников асынған жастар арасында жаппай төбелес болды
Алматыда полиция «Сайран» су қоймасының маңында жаппай қақтығыстың алдын алды

Алматыда полиция «Сайран» су қоймасы жанында жаппай төбелестің алдын алып, қатысушыларды ұстады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Бүгін таңертең «Сайран» су қоймасына қарама-қарсы орналасқан мекемелердің бірінде жастар арасында жанжал болған. Куәгерлердің айтуынша, қақтығысқа қатысқандардың бірі қолында Калашников автоматына ұқсас қару ұстаған, ал екіншісінде пышақ болған. Бұл ақпарат әлеуметтік желілерде тез таралып, қоғамда кеңінен талқыланды.
Алматы қалалық Полиция департаменті таратқан мәліметке сәйкес, жедел ақпараттың арқасында қатысушылардың әрекеттері дер кезінде тоқтатылды.
«Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері жастар арасында жеке бас араздығы негізінде туындаған топтық қақтығыстың алдын алды. Қатысушылар анықталып, ұсталды. Тінту барысында олардың бірінен Калашников автоматына ұқсайтын, бірақ айналаға қауіп төндірмейтін макет тәркіленді», – деп мәлімдеді Алматы ПД.
Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды. Полиция тергеу қорытындысы бойынша процессуалдық шешім қабылданатынын хабарлады.