$ 533.87  621.64  6.64
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Онлайн-қызметтер қазақстандықтардың уақытын қалай үнемдеп жатыр - сараптама

Мемлекеттік қызметтердің қолжетімділігі мен тиімділігі айтарлықтай артты

Онлайн-қызметтер қазақстандықтардың уақытын қалай үнемдеп жатыр - сараптама
Фото: istockphoto.com

Елімізде 1200-ден астам мемлекеттік процесс қайта қаралып, соның ішінде 23 мемлекеттік органда 468 бизнес-процесс оңтайланды. Нәтижесінде олардың орындалу мерзімі орта есеппен 45%-ға қысқарған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

  • ауыл шаруашылығы министрлігінде – 98 процестің мерзімі 55%-ға қысқарды.
  • ішкі істер министрлігі – 55%.
  • ұлттық экономика министрлігі – 85%.

2024 жылы Қазақстан БҰҰ-ның онлайн-қызметтер индексі бойынша әлемнің үздік 10 елі қатарына кіріп, жалпы цифрландыру деңгейі бойынша 193 мемлекеттің ішінде 24-орынды иеленді.

  • 93%-дан астам халық eGov порталы арқылы онлайн қызметтерді пайдалана алады.
  • Қызметтердің 90,8%-ы смартфондар арқылы қолжетімді.
  • Биометриялық сәйкестендіру мен QR-қолтаңбалар енгізілді – бір жыл ішінде қазақстандықтар QR-кодпен 23 млн-нан астам құжатқа қол қойды.

Азаматтарға ыңғайлы шешімдер

  • Сандық әскери билет қағаз құжатты толығымен алмастырды.
  • Балабақшаға онлайн тіркелу ваучерлік қаржыландыру арқылы ашық форматқа көшті.
  • «Еуропалық хаттама» сақтандыру төлемін алу мерзімін 40 күннен 5 күнге дейін қысқартты, әрі ЖКО-ны полициясыз рәсімдеуге мүмкіндік берді.
  • Атқарушылық іс жүргізуді автоматтандыру жеке сот орындаушыларының қатысуынсыз жүзеге асырылады.
  • Білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау, жатақханаға орналасу сияқты қызметтер жеңілдеді.

2025 жылы министрлік:

  • 44 мемлекеттік қызметтің мерзімін қысқартуды,
  • 20 қызметті проактивті форматқа ауыстыруды,
  • 35 қызметті трансформациялауды көздеп отыр.

Министрлік атап өткендей, цифрлық трансформацияның нәтижелері бүгінде миллиондаған қазақстандық үшін айқын: мемлекеттік қызметтер бұрынғыдан қолжетімді, ашық және әділ болды.

Google корпорациясының Қазақстандағы агенті, IT Product & Project-менеджер Нұржол Табиғат цифрландырудағы тәуекелдер жайлы айтты. Мысалы, «ChatGPT және жасанды интеллекттің мүмкіндіктері қандай болмақ, олар адамды алмастыра ала ма» деген сұраққа жауап бере келе ол өз пікірін айтты. Яғни, оның айтуынша, ChatGPT адамды толық алмастыра алмайды.

«Чат-GPT-ті «шпаргалка» ретінде қолданатындар көбейіп жатыр. Бірақ бұл жерде басты мәселе – адамның өзінде. Егер дайын дүниеге сүйеніп, оның қалай жасалғанын түсінбесе, ертең ол проблема бәрібір алдынан шығады. Шын мәнінде, бұл өзін-өзі алдау. Ал саналы адам ChatGPT-ді дұрыс қолданса, ол уақытты үнемдейтін жақсы құралға айналады. Мысалы, калькулятор шыққанда да адамдар бастапқыда күмәнданды, бірақ ол уақыт өте тиімділігін көрсетті», – деді ол.

Маман ChatGPT психология саласында да маманның орнын алмастырмайтынын атап өтті.

«ЖИ сұрақтарға жауап бере алады, бірақ адамның жанын түсіну оған тән емес. Сондықтан кеңес беруде тек базалық деңгейде ғана көмектесе алады. Ал күрделі мәселені шешуде әрқашан кәсіби маманға жүгінген дұрыс», – дейді Нұржол Табиғат.

Сонымен қатар ол жасанды интеллектінің теріс әсерлеріне де тоқталды.

«Жасанды интеллект алаяқтардың құралына айналуы мүмкін. Мысалы, адамның дауысын айнытпай салып, бейнесін жасауға мүмкіндік беріп отыр. Мұндай технологиялар бұрынғыдан да қауіпті, себебі қазір банк қызметкері немесе мемлекеттік мекеме атынан хабарласу өте шынайы көрінуі мүмкін», – дейді маман.

Ол азаматтарға цифрлық қауіпсіздік шараларын сақтауды ескертті:

«Ең бастысы – жеке мәліметтерді интернетке таратпау. Мемлекеттік мекеме немесе банк атынан хабарласса, ресми байланыс арнасын тексеріп алу қажет. Сондай-ақ сыни ойлау жүйесін қосу керек. ChatGPT мен басқа да ЖИ құралдары ақпарат жинауға негізделгендіктен, өзіңіздің жеке деректеріңізді оларға енгізбеуге тырысқаныңыз жөн», – деді IT сарапшы.

Серіктес жаңалықтары