Павлодарда моншадағы өлім: күдіктілер өмір бойына сотталуы мүмкін
Қанды оқиға биыл сәуір айында болды

Павлодардағы моншада ер адамды өлтірді деп айыпталғандарға өмір бойы бас бостандығынан айыру жазасы қаупі төніп тұр. Оқиға биыл сәуір айында болды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy агенттігі irbistv.kz-ке сілтеме жасап.
Іс сотқа түсті
Кейін желіде бейнабақылау камерасынан түсірілген кадрлар жарияланды, онда қатыгездікпен жасалған әрекет көрініс тапқан. Алғашында полицейлер қылмыстық істі жеңілдеу бап бойынша қозғаған. Бүгін сотта қарау басталды.
Тергеу нұсқасына сәйкес, 1 сәуір күні моншада айыпталушылардың бірі екі ер адамның отырған үстеліне барған. Сол жерде жанжал шығып, соңы төбелеске ұласқан.
Айыпталушы мен оның танысы кейін келісіп алып, бейтаныстарға қайта барған, одан кейінгі оқиға әлеуметтік желіде кеңінен тарады. Жәбірленуші ең ауыр жарақатты басынан алған.
«Анықталған дене жарақаттары: ашық бас-ми жарақаты, төбе-самай сүйегінің негізіне өтетін сызықтық сынығы, субдуральды гематома, қан құйылу, ми соққысы, ми ісінуі мен көлемінің ұлғаюы», – деді прокурор Айгерім Садықова.
Сот алқабилердің қатысуымен өтеді
Қылмыстық іс бастапқыда «адам өліміне әкеп соққан денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру» фактісі бойынша қозғалған. Қазіргі таңда айыпталушылар сотта дәл осы бап бойынша жауап бергісі келеді.
Алайда істі ауырлау бап бойынша – «алдын ала сөз байласқан адамдар тобының адам өлтіруі» ретінде қарауды бастады. Бұл бап бойынша ең жоғары жаза – өмір бойы бас бостандығынан айыру. Айта кетейік, шешімді алқабилер қабылдайды.