Apple қыркүйекте шығатын iPhone-ның жаңа модельдерін Үндістанда өндіретін болды
Қытай өндірістен тыс қалатын болды

Apple корпорациясы жаңа iPhone 17 сериясын толықтай Үндістанда өндірмек. Компания тарихында алғаш рет барлық модель Қытайдан тыс аймақта шығарылғалы тұр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Bloomberg агенттігінің хабарлауынша, америкалық IT-алып Apple жаңа iPhone сериясының барлық төрт моделін Үндістанда өндіреді. Бұған дейін компанияның негізгі өндірісі Қытайда шоғырланған болатын.
Күтіліп отырғандай, қыркүйек айында Apple мынадай жаңа смартфондарын таныстырады:
- iPhone 17
- iPhone 17 Air
- iPhone 17 Pro
- iPhone 17 Pro Max
Bloomberg сарапшыларының мәліметінше, өндірісті Үндістанға көшіруге АҚШ-қа Қытайдан әкелінетін өнімдерге салынған жоғары кедендік баждар әсер еткен.
- 2021 жылы барлық iPhone құрылғыларының 99%-ы Қытайда өндірілген.
- 2024 жылдың соңында бұл көрсеткіш 81%-ға дейін төмендеді.
- 2027 жылға қарай Apple смартфондарының тек 50%-ы Қытайда құрастырылмақ.
Сонымен қатар, 2025 жылдың шілдесінде Үндістан АҚШ-қа Apple смартфондарын экспорттау көлемі бойынша Қытайды басып озды.