Нартай Дүтбаев түрмеден мерзімінен бұрын босатылды
Ол мемлекеттік құпияны жария еткені үшін сотталған болатын
Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы төрағасы Нартай Дүтбаев мерзімінен бұрын түрмеден босатылды, деп хабарлады zakon.kz ШҚО облыстық сотының судьясы Елдос Жұмақсановқа сілтеме жасап.
Оның айтуынша, ҚР Қылмыстық кодексіне 2019 жылы желтоқсанда енгізілген түзетулерге сәйкес, орташа қауіпсіздік түрмесінде жазасын өтеп жатқан сотталушылар сотталу мерзімін қысқартуға өтініш бере алады. Яғни, тергеу абақтысында өткізген әрбір тәулік бір жарым тәулікке теңестіріледі.
«Осы жайтты (сотталушы мерзімінің жартысынан астамын өтеген) және сотталушының жасын (Нартай Дүтбаев 64 жаста) ескере отырып, судья оның мерзімінен бұрын түрмеден босату туралы өтінішін қанағаттандырды», - деді Елдос Жұмақсанов.
Еске салайық, Нартай Дүтбаев 2017 жылы 7,5 жылға бас бостандығынан айрылған болатын. Ол мемлекеттік құпияны жария еткені және қызметтік бабын асыра пайдаланғаны үшін айыпты деп танылған. Сот оны «генерал-лейтенант» шенінен және мемлекеттік наградаларынан да айырды.
2018 жылы Дүтбаев тағы сотталды. Бұл жолы ол біреудің мүлкін талан-таражға салғаны, қылмыстық жолмен тапқан дүние-мүлікті заңдастырып алғаны үшін айыпты болды және сот оны 12 жылға бас бостандығынан айырды. Араға бір жыл салып Жоғарғы соттың кассациялық инстанциясы бұл мерзімді 11 жылға қысқартты.