$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
19.06.2020, 10:13
Жаңалықтар

COVID-19: Еуропа елдері індеттің екінші толқынына дайындалып жатыр

Кэтрин Смолвуд Еуропада ауру белгілері білінбейтін науқастар санының артқанын айтты

COVID-19: Еуропа елдері індеттің екінші толқынына дайындалып жатыр
Фото: ашық дереккөзден

Еуропа пандемияның екінші толқынына дайындалып жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».
Еуропаның кейбір елдерінде коронавирустың таралуы біршама тұрақталды. Алайда әлі күнге дейін пандемияның беті қайтқан жоқ, сол себепті аймақ елдері індеттің екінші легіне дайындалуы керек. Бұл туралы тілшілерге арналған брифингте Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Еуропадағы аймақтық бюросының директоры Ханс Клюге мәлімдеді.

«Жалпыға бірдей карантин және әлеуметтік арақашықтық сақтау шаралары бізге уақыт ұтуға мүмкіндік берді. Денсаулық сақтау және төтенше жағдайлар кезінде көмек беру жүйесінің дайындығын жақсарту үшін барлық мүмкіндікті қолдануға тиіспіз. «Жаман айтпай, жақсы жоқ» демекші, індеттің қайта өршуіне дайын болуымыз керек», - деді ДДСҰ Еуропадағы аймақтық бюросының директоры Ханс Клюге.

Аймақтық бюроның төтенше жағдайлар бойынша маманы Кэтрин Смолвуд ауру белгілері білінбейтін науқастар екі топқа бөлінетінін айтты. Біріншісіне аурудың соңына дейін ешбір белгісі байқалмайтын адамдар жатады. Екінші топ ауру жұққаннан көп ұзамай тесттен өтіп, кейін ауру белгілері білінетін науқастар да бар.

«Тестілеудің ауқымы артып, мамандар вирустың таралу жолдарын жақсы түсіне бастағандықтан ауру белгілері білінбейтін науқастар саны артты. Егер кейін сырқаты біліне бастаса, оларды әрине, емдейді. Алайда ауру белгілері мүлдем білінбейтін адамдардан өзгелерге жұғу қаупі болуы мүмкін. Сондықтан туыстары, достары мен әріптестеріне қатер төндірмес үшін кем дегенде, 10 күнге оқшаулануы керек», - деп мәлімдеді ДДСҰ-ның төтенше жағдайлар мәселелері бойынша бас маманы Катрин Смолвуд.

 

Серіктес жаңалықтары