Қазақстанда қатерлі ісік ауруына шалдыққандар саны артып барады
Қала тұрғындары арасындағы көрсеткіш ауыл халқынан екі есе жоғары

Қазақстанда қатерлі ісікке шалдығу деңгейі өсіп келеді, әсіресе ірі қалаларда , деп хабарлайды Azattyq Rýhy агенттігі Energyprom.kz-ке сілтеме жасап.
Денсаулық сақтау министрлігінің деректеріне сәйкес, 2024 жылы қала тұрғындары арасында қатерлі ісікке шалдығу деңгейі әрбір 100 мың адамға шаққанда 239,2-ге жеткен. Бұл өткен жылғы көрсеткішпен (230) салыстырғанда жоғары.
Бірқатар өңірде аурушаңдық деңгейі орташа республикалық көрсеткіштен едәуір асып түсті. Мәселен, Шығыс Қазақстан облысында – 349,4, Қарағанды облысында – 353,5, Абай облысында – 302,4, ал Қостанай облысында – 352,7.
«Ауылдық жерлерде жағдай өзгеше: 2024 жылы қатерлі ісікке шалдығу деңгейі 100 мың тұрғынға шаққанда 147,1-ге дейін төмендеді. Бұл көрсеткіш 2023 жылы 173,8 болған еді. Дегенмен, Шығыс Қазақстан облысының (355,2) және Ақмола облысының (306,2) ауылдарында көрсеткіш әлі де жоғары күйінде қалып отыр», – делінген зерттеуде.
Жалпы алғанда, ел бойынша қатерлі ісікке шалдыққан науқастар саны өткен жылы 230,9 мың адамды құрады. Бұл 2023 жылмен салыстырғанда 12,8 мыңға артық. Алматыда 34,2 мың науқас есепте тұр, алайда мамандардың айтуынша, бұл көрсеткіштің жоғары болуы қала халқының көптігіне байланысты. Келесі орындарда – Қарағанды облысы (21,4 мың науқас) және Астана (16,8 мың науқас).