Қазақстан әлемдегі ең бақытты елдердің тізімінде ТОП-50-ге кірді
Қайырымдылық жасау деңгейі бойынша Қазақстан 51-орында

Қазақстан әлемдік бақыт рейтингінде 43-орынға тұрақтап, ТМД елдері ішінде үздік 50 мемлекет қатарына енген жалғыз ел болды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Қоғамдық саясат институтына сілтеме жасап.
Қайырымдылық жасау деңгейі бойынша Қазақстан 51-орында, еріктілік бойынша – 122-орында, ал бейтаныс адамдарға көмек көрсету көрсеткіші бойынша тіпті 138-орында тұр.
Әрбір жетінші қазақстандық (13,2%) тұрақты түрде қоғамдық және қайырымдылық шараларына қатысады. Әрбір үшінші қазақстандық (31%) мұндай шараларға жылына бірнеше рет қатысады. Ал респонденттердің жартысынан астамы көмектесуді өте сирек жасайтынын немесе мүлдем қатыспайтынын мойындаған: 26%-ы – жылына бір рет немесе одан да сирек, ал 26,5%-ы – ешқашан.
«Әлемде өзгелерге көмек көрсету субъективті әл-ауқат деңгейімен тікелей байланысты. Бақыт рейтингінің көшбасшылары – Финляндия, Дания, Исландия, Швеция және Нидерланд – жоғары сенім мен өзара көмектің деңгейін көрсетеді, бірақ мұндай көмектесу актілері бұл елдерде жиі бола бермейді», – деп атап өтті зерттеушілер.
Сонымен қатар, проәлеуметтік мінез-құлық қоғам денсаулығына оң әсер етеді. Әлемдік бақыт баяндамасында өзара көмектің жоғары деңгейі тіркелген елдерде «үмітсіздіктен болатын өлім-жітімнің» – суицид, алкоголизм және есірткі дозасын артық қолданудан қайтыс болу жағдайларының төмен болатынына назар аударылады.