$ 538.57  629.48  6.71
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Қазақстанда бала күтімімен отырған ата-аналарға қанша көлемде жәрдемақы берілді

2025 жылдың басынан бері 400 мыңнан астам адамға мемлекеттік жәрдемақылар төленді

Қазақстанда бала күтімімен отырған ата-аналарға қанша көлемде жәрдемақы берілді
Фото: istockphoto.com

Қазақстанда жыл басынан бері 506,7 млрд теңге көлемінде жәрдемақы мен әлеуметтік төлемдер тағайындалып, онымен 408,5 мың адам қамтылды. Төлемдер мемлекеттік жәрдемақыларды, сондай-ақ Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры (МӘСҚ) есебінен бала тууға және бала күтіміне байланысты жәрдемақыларды қамтиды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Бала тууға берілетін жәрдемақы

2025 жылдың басынан бері 201,7 мың адамға бала тууына байланысты жәрдемақы төленді. Оның жалпы сомасы – 36,4 млрд теңге.

Тек шілде айының өзінде 32,4 мың адам бұл жәрдемақы алып, оларға 5,9 млрд теңге берілді.

Бұл жәрдемақыға бала туған, асырап алған немесе қамқорлығына алған Қазақстан азаматтары, қандастар және елімізде тұрақты тұратын шетелдіктер үміткер бола алады.

Бала күтіміне байланысты жәрдемақы

Бала күтімін жасайтын адам міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатыспаған жағдайда да мемлекеттен жәрдемақы алуға құқығы бар.

2025 жылдың 7 айында мұндай жәрдемақыны 124,1 мың адам алып, оларға жалпы 25,4 млрд теңге төленді. Шілде айында ғана бұл көмек 3,7 млрд теңгені құрады.

Жәрдемақы мөлшері

Мемлекеттік жәрдемақылардың көлемі жыл сайын айлық есептік көрсеткішке (АЕК) байланысты белгіленеді. 2025 жылдың басынан бастап олардың мөлшері 6,5%-ға өсті.

Бала тууына арналған жәрдемақы:

  • 1-3 балаға – 149 416 теңге (38 АЕК);
  • 4 және одан көп балаға – 247 716 теңге (63 АЕК).

Бала күтіміне байланысты ай сайынғы жәрдемақы (1,5 жасқа дейін):

  • 1-балаға – 22 648 теңге (5,76 АЕК);
  • 2-балаға – 26 777 теңге (6,81 АЕК);
  • 3-балаға – 30 866 теңге (7,85 АЕК);
  • 4 және одан көп балаға – 34 995 теңге (8,90 АЕК).

Жүктілік пен босануға байланысты төлемдер

Жұмыс істейтін әйелдерге МӘСҚ есебінен жүктілік пен босануға, жаңа туған баланы асырап алуға байланысты әлеуметтік төлем беріледі. Оның көлемі соңғы 12 айдағы орташа табысқа және еңбекке жарамсыздық күндерінің санына байланысты есептеледі.

2025 жылдың басынан бері бұл төлемді 133,6 мың әйел алып, жалпы сомасы 190,7 млрд теңге төленді.

7 айдағы орташа төлем мөлшері – 1 523 093 теңге.

Бала күтіміне байланысты әлеуметтік төлем (МӘСҚ)

МӘСҚ-ға қатысушыларға бала 1,5 жасқа толғанға дейін кірістен айырылған жағдайда ай сайынғы әлеуметтік төлем беріледі. Оның көлемі соңғы 2 жылдағы орташа айлық табыстың 40%-ын құрайды. Егер бірнеше бала дүниеге келсе, әр балаға жеке төленеді.

2025 жылдың 7 айында бұл төлемді 150,8 мың адам алып, оларға 254,2 млрд теңге төленді.
Шілде айында ғана төлемнің сомасы 36 млрд теңгеге жетіп, 21,6 мың адамға тағайындалды. Орташа айлық төлем мөлшері – 88 766 теңге.

Серіктес жаңалықтары