Орал тұрғыны өз жеріне ескерткіш орнатқаны үшін әкімді сотқа берді
Ескерткіш орнатылған жердің иесі мемориалды сүруді талап етті

Оралда жер учаскесіне байланысты сот дауы өрбіді. Жер иесі Николай Винк «Интернационалист-жауынгерлерге мәңгілік естелік» ескерткішінің орнатылуын заңсыз деп танып, оны сүруді талап етіп отыр. Бұл туралы Azattyq Rýhy агенттігі «Мой город» басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Николай Винк – демалыс аймағын салу және қызмет көрсету үшін арналған жер телімінің меншік иесі. Бұл жер оған ағасынан берілген, ал ағасы оны 2016 жылы сатып алған.
Адвокат Гүлжан Бегеева атап өткендей, дәл осы жерге интернационалист-жауынгерлерге арналған мемориал қойылып, азаматтың меншік құқығын бұзған.
«Менің сенім білдірушім жер иесі ретінде осы телімге иелік етуге, пайдалануға және билік етуге айрықша құқыққа ие. Оның құқықтары заңды тәртіпте тіркелген және тиісті құжаттармен расталған», – деді ол.
Николай Винк қала әкіміне қарсы сотқа жүгініп, ескерткішті орнатуды заңсыз деп тануды, әкімдікті заң бұзушылықты жоюға және мемориалды сүруге міндеттеуді сұрады. Сонымен қатар ол әкімдіктен жер телімін пайдалануға және билік етуге кедергі келтірмеуді талап еткен.
Адвокаттың сөзінше, осы уақытқа дейін Винк қала әкімінің орынбасары Азамат Халеловпен жерді сатып алу және медиациялық келісім жасау жөнінде келіссөздер жүргізген.
«Азаматтарға арналған үкімет» КЕАҚ мамандары жерге барып, өлшеу жүргізіп, қорытынды шығарды. Құжатта Винктің жер телімі аумағында Ауғанстан соғысына қатысушыларға арналған гүлзар орналасқаны көрсетілген. Бұл құжаттармен сот процесіне қатысушылар танысты», – деді Гүлжан Бегеева.
Соңғы сот отырысы 15 тамызға белгіленген еді, алайда 12 тамызда әкімнің жер телімін мемлекеттік мұқтаждық үшін алу туралы қаулысы шықты. Адвокат құжатты сот кабинеті арқылы алғанын, бірақ онда лауазымды тұлғаның қолы мен ЭЦҚ-сы жоқ екенін, тек мөр қойылғанын айтты.
«Менің сенім білдірушіме тиесілі жерді жауапкер іс жүзінде тартып алды. Оның үстіне ол жерді мәжбүрлеп алу заңда көрсетілген мақсаттарға сәйкес пайдаланылып отырған жоқ. Біз алғашқы талап арызымызды қайтарып алуға мәжбүр болдық, өйткені әкім қаулысы бар жағдайда бәрібір бас тартар еді. Бірақ кеше әкім қаулысын жарамсыз деп тану туралы талапты әкімшілік сотқа бердік. Кейін ескерткішті сүру жөніндегі талапты қайтадан жолдаймыз», – деді адвокат.
Ал қала әкімдігі аталған жер телімінің көлемі 0,1507 гектар екенін және онда интернационалист-жауынгерлерге арналған ескерткіш шынымен барын растады.
12 тамызда әкімнің жерді мемлекеттік мұқтаждық үшін алу туралы қаулысы шыққан. Әкімдіктің ақпаратына сәйкес, Николай Винкке құны тең басқа жер телімі ұсынылмақ. Ол қала шетінен немесе басқа ауданнан беріледі.