Жаһандық жылыну: Қазақстан Жер ғаламшарының орташа көрсеткішінен жылдам жылынып барады
Мамандар түйткілді проблеманы қозғап, дабыл қақты

Қазақстандағы орташа температура жыл сайын жоғарылап, табиғи апаттар жиілігі артып отыр. Central Asia Climate Foundation мәліметіне сүйенсек, еліміз жер беті бойынша орташа температурадан жылдам жылынып жатыр, бұл жаһандық жылыну тенденциясымен байланысты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Орташа жылдық температураның өсуі
- «Қазгидромет» деректері бойынша, Қазақстанның барлық өңірінде орташа жылдық ауа температурасы тұрақты өсуде;
- Орташа есеппен температура әр 10 жылда 0,36 ºС көтеріледі;
- Кейбір өңірлерде: Қарағанды облысы – 0,26 ºС/10 жыл, Батыс Қазақстан – 0,56 ºС/10 жыл;
Жауын-шашын мен табиғи апаттар
- Соңғы 48 жылда жылдық жауын-шашын мөлшері әр 10 жылда 3,3 мм-ге артқан;
- Қыста солтүстік, батыс және оңтүстік-шығыс өңірлерде 4-11% өсім, көктемде батыс пен солтүстікте 8-18% артқан;
- Жазда көп өңірде жауын-шашын азайған, әсіресе батыс пен оңтүстік-батыста – 4-8%;
- Күзде жауын-шашын көлемі елдің көп бөлігінде, әсіресе батыс пен оңтүстік-батыста 3-11% төмендеген.
Экстремалды құбылыстардың артуы
Қазақстанда ыстық толқындар ұзарып, +30ºС-тан жоғары күндер саны көбейген, суықтың жетіспеушілігі артқан. Сонымен қатар қауіпті құбылыстар жиі байқалады:
- ыстық толқындар, құрғақшылық, шаңды дауылдар;
- күшті жел, нөсер жаңбыр, боран;
- тасқындар мен су тапшылығы.
Маман пікірі
Тұрсын Тілләкәрім, «Қазгидромет» ғылыми-зерттеу орталығының директоры:
«Қазақстанның кең аумағы мен географиялық ерекшеліктерін ескере отырып, климаттық өзгерістер биофизикалық жүйелерге, экономика мен әлеуметтік салаға әртүрлі әсер етуі мүмкін. Климатты бақылау және өзгерістерді ескеру – ықтимал салдарды алдын ала бағалау және бейімделу шараларын уақтылы қабылдау үшін қажет».