$ 540  630.72  6.72
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Қазақстанда 250 мыңға жуық адам жұмыссыз қалды: оларға тығырықтан шығар жол табылды

Жұмысынан айырылған азаматтар не істеуі керек?

Қазақстанда 250 мыңға жуық адам жұмыссыз қалды: оларға тығырықтан шығар жол табылды
Фото: istockphoto.com

Қазақстанда 2025 жылғы 1 тамыздағы жағдай бойынша 244,3 мың адам жұмыссыз қалғаны анықталды. Осыған байланысты Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан (МӘСҚ) жұмысынан айырылуына байланысты әлеуметтік төлем алып отыр. Оның ішінде 188,1 мың азаматқа биыл алғаш рет төлем тағайындалды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, жалпы төлемдердің сомасы 73,2 млрд теңгеге жетті.

Әлеуметтік төлем қалай есептеледі?

Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, жұмыстан босатылған жұмыскерлер міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу өтілі мен соңғы 24 айдағы табысына қарай 1 айдан 6 айға дейін төлем алады.

Төлем мөлшері жоғалған кірістің 45%-ына дейін жетуі мүмкін. Қаржы толықтай МӘСҚ қаражаты есебінен төленеді.

Төлемді қалай рәсімдеуге болады?

Жұмысынан айырылған азаматтар төлем алу үшін:

  • eGov.kz порталында авторизациядан өтеді;
  • «Жұмысқа орналастыру және жұмыспен қамту» бөлімінен «Жұмыс іздеуші адамдарды тіркеу» қызметін таңдайды;
  • Өтінімді онлайн толтырып, ЭЦҚ арқылы қол қояды;
  • Бір күн ішінде мансап орталығы бос жұмыс орындарын ұсынады;
  • Егер жұмыс табылмаса, 3 жұмыс күні ішінде жұмыссыз мәртебесі беріледі.

Бұл қызметті Электрондық еңбек биржасы (enbek.kz) арқылы да онлайн рәсімдеуге болады.

SMS арқылы проактивті қызмет

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ақпараттық жүйесі жұмыссыз ретінде тіркелген азаматтарға SMS-хабарлама жібереді. Азамат келісімін растаған жағдайда төлем автоматты түрде тағайындалады.

Маңызды ескерту

МӘСҚ қаражаты есебінен төленетін әлеуметтік төлем жұмыстан шығу себептеріне қарамастан жүзеге асырылады. Бұл төлем жұмыссыз қалған азаматтарға жаңа жұмыс іздеу кезеңінде материалдық қолдау көрсетуге арналған.

Серіктес жаңалықтары