Ерлі-зайыпты үйін орман өртінен бақша суаратын шланг арқылы қорғап қалды
Олар үйін қалай қорғап қалғанын айтып берді

Оңтүстік Еуропада – Грекия, Испания, Португалия, Италия және Балқан елдерінің бірқатарында орман өрттері әлі де жалғасып жатыр. Осы аптада Хорватияда бір отбасы жалынды тура үйінің табалдырығынан ауыздықтай алды. Ерлі-зайыпты алапат отты сөндіру үшін қарапайым бақша шлангісін қолданған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Германиядан көшіп келген Михаэль мен Бригиттаның үйі түнде орман өрті қаупіне тап болды. Михаэль BILDбасылымына былай деді:
«Түнгі сағат 3-те өрттен оянып кеттім де, бірден сыртқа жүгіріп шықтым. Біз көршілермен бірге бақша шлангілерімен аулаларымызды, үйлерімізді, террасаларды суғардық. Абырой болғанда, бірнеше сағаттан кейін өрт сөндіруші ұшақтар келіп жетті».
Жалын үйге жылдам жақындай берді. Михаэль үйін, террасасын және бақшасын толық суғарғаннан кейін, от үйге бар болғаны жарты метр жетпей тоқтап, сөніп қалған:
«Біз сататын зәйтүн ағаштарымыз түгел жанып кетті, сондай-ақ лимон мен інжір ағаштары да отқа оранды. Бірақ ең бастысы – ешкім зардап шеккен жоқ, үй де аман қалды. Үй жануарларымызды да алдын ала эвакуациялап үлгердік», - дейді.
Қазір отбасы зәйтүн сатудан түсетін табысынан айырылып, көмекке жүгінуге мәжбүр. Өрттің ықтимал себебі туралы Михаэль былай деді:
«От сөндірілді, бірақ қауіпсіздік үшін өрт сөндірушілер әлі де патруль жасап жүр. Менің ойымша, біреу абайсызда темекі тастаған, сол өрттің басталуына себеп болған».