«10 млрд теңге»: Джей Лоның концертінен кейін Алматыға қанша табыс түсті
Билеттердің бағасы 40 мыңнан 180 мың теңгеге дейін болды

Алматыда өткен Дженнифер Лопестің концертіне 27 мың көрермен жиналып, қалаға миллиардтаған теңге пайда әкелді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Әкімдіктің мәлімдемесіне сүйенсек, Алматының Орталық стадионында өткен Дженнифер Лопестің концертіне 27 мың көрермен қатысты. Олардың ішінде шамамен 7 мыңы АҚШ, Канада, Түркия, Жапония, Қытай және бірқатар Еуропа елдерін қоса алғанда, 35 елден келген.
Билеттердің бағасы 40 мыңнан 180 мың теңгеге дейін болды. Алдын ала деректерге сәйкес, тек осы концерттен түскен салық түсімдерінің көлемі шамамен 600 миллион теңгені құрайды.
«Қала үшін экономикалық әсер одан да әсерлі болды. Mastercard деректеріне сәйкес, туристер Алматыда орта есеппен 3,5 күн аялдап, тәулігіне шамамен 440 долларды тұруға, тамақтануға, көлікке, экскурсияға және саудаға жұмсайды. Тек шетелдік қонақтардың шығыстарының өзі Алматыға шамамен 5 миллиард теңге пайда әкелді», – делінген мәлімдемеде.
Әкімдікте атап өтілгендей, қосымша табысқа мейрамханалар, кофеханалар, қонақүйлер мен көлік компаниялары да кенелді.
«Көрермендердің шығындарын және жанама түсімдерді есепке ала отырып, туризм басқармасының алдын ала бағалауынша, концерттен түскен жиынтық қаржы айналымы 10 миллиард теңгеден асады», – деп қорытындылады әкімдік.