«Бір ұрып, ұшырып жіберді»: айтыскер ақын Жандарбек Бұлғақов ұрлық үстінде ұсталып қалған
Ақын кез келген баланың басында ондай жағдай болатынын, сол кезде дұрыс бағыт-бағдар беру өте маңызды екенін атап өтті

Айтыскер ақын Жандарбек Бұлғақов журналист Жанар Байсемізге берген сұхбатында балалықпен ұрлық жасап, әкесінен оңбай таяқ жегенін айтып берді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Бала күнімде әкеммен базарға бардым. Жасыл сағат сатып тұр екен. Ондай түсті ойыншық көрмегенбіз. Маған қатты ұнап қалды. Қойдың жағымен ойнап жүрген бала болғаннан кейін ерекше көрінді. Содан мен оны алып алдым. Саудагер көріп қойып, «балам орнына қой, ол сатылады, алуға болмайды» деді. Әкем алдымда жүріп келе жатқан, артына жалт бұрылды да, бүкіл жұмысын тоқтатып, астына қарай түс деді. Екі қабатты сауда үйі еді. Төменге түскеннен кейін ай-шай жоқ, шапалақпен бір ұрып, ұшырып жіберді. «Сен не, өміріңді түрмеде өткізгің келіп жүр ме?!» деді. Осы сөз менің есімде қалып қойды», - дейді айтыскер ақын.
Сағаттың жыры мұнымен бітпеген. Үйге келген соң анасынан да ауыр сөз естиді.
«Үйге қайтып, бәрі ұмытылған шығар деп ойлап жүрдім. Әкем жұмысқа кеткен, таңертең шай ішім отырғанда анам: «Жандарбек, кеше сен сағат ұрлағансың ба?! Денің дұрыс па?!» деді. Кешегі шапалақтан да қатты өтіп кетті. Кішкентай болсам да сезініп тұрмын. Жерге кіріп кетейін дедім. Әлгі жағдайды бүкіл теледидардан көрсетіп жатқандай сезімде болдым», - деп толықтырды Жандарбек.
Ол сөзін түйіндей келе, кез келген баланың басында ондай жағдай болатынын, сол кезде дұрыс бағыт-бағдар беру өте маңызды екенін атап өтті.
«Көшеде қалып қойған ойыншықты алып келу, дүкеннен қалған 50-60 теңгені қалтасына салып алу деген кез келген баланың басында болады. Осы кезде ата-аналар әртүрлі реакция береді екен. Біреулер бала ғой деп мүлдем мән бермей қояды. Ол қате. Кейін ол әдет болып кетуі мүмкін. Бүгін 50 теңге ұрласа, ертең 500 теңге ұрлайды, қызметке барса, 500 млрд болып кетуі мүмкін», - дейді Жандарбек Бұлғақов.