Тараз тұрғыны танысынан 75 мың теңге аламын деп 5,5 млн теңге төлеуге мәжбүр болды
Жауапкер өзі де алаяқтардың құрбаны болғанын мәлімдеді

Тараз қалалық соты жауапкерді алаяқтардың құрбаны болған зейнеткерге 5 миллион теңгесін қайтаруға, оған қоса сот шығындарын жабуға міндеттеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy соттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
2024 жылдың желтоқсанында зейнеткер алаяқтардың құрбаны болған, ол өзі танымайтын адамның шотына 5 миллион теңге аударған. Алаяқтық фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды.
«Жауапкер өзі де алаяқтардың құрбаны болғанын мәлімдеді: ол танысының өтініші бойынша 3 банктен шот ашып, оны басқа біреуге беріп, ол үшін 75 мың теңге алған. Зейнеткердің ақшасын көрмеген және пайдаланбаған», - деп жазылған хабарламада.
Сот қаражат жауапкердің шотына түскенін анықтады. Оның ақшаны пайдаланбағаны туралы дәлелі жарамсыз деп танылды – шот иесі оның қолданылуын бақылауға міндетті.
«Сот шешімімен талап қанағаттандырылды, жауапкерден 5 миллион теңге, оған қоса мемлекеттік баж бен өкілдің қызмет ақысын төлеуге 500 мың теңге көлеміндегі шығыс өндірілді», - деп толықтырды сот.
Шешім заңды күшіне енді.
Сот ескертеді:
- банктік шоттарыңызды бөгде адамдарға бермеңіз,
- бейтаныс адамдардың шоттарына ақша аудармаңыз.
Мұндай әрекеттер қаржылық шығындарға әкеледі.