Итбалықтардың қырылу себебі, балық қоры: Каспий теңізін зерттеуге Үкіметтен 305 млн теңге бөлінді
Үкімет резервінен қаржыландыру бөлінді

Мемлекет басшысының Каспий теңізі проблемаларын кешенді зерттеу жөніндегі тапсырмасын орындау аясында «Қазақ Каспий теңізі ғылыми-зерттеу институты» КеАҚ-қа Үкімет резервінен 305 миллион теңге бөлінді. Тиісті қаулыға премьер-министр Олжас Бектенов қол қойды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Институттың негізгі міндеттері
Каспий теңізінің экологиялық мәселелерін шешу мақсатында құрылған институт мынандай жұмыстар жүргізеді:
- балық қорының көлемін бағалау;
- оларды сақтау әдістері мен технологияларын әзірлеу;
- ихтиофаунаны зерттеу;
- итбалықтардың жаппай қырылу себептерін анықтау және популяциясын сақтау;
- теңіз деңгейін бақылау, гидрологиялық және климаттық өзгерістердің әсерін талдау;
- су сапасы, биологиялық алуантүрлілік және жағалау экожүйесі туралы деректер жинау және талдау.
Ғылыми-зерттеу әлеуетін күшейту
Бөлінген қаражат мынандай міндеттерді орындауға бағытталады: гидробиология және гидрохимия, гидрометеорология, спутниктік мониторинг зертханаларының жұмысын күшейтуге, ғылыми зерттеулерді уақтылы және тиімді жүргізуге институтқа жүктелген басқа да жұмыс.
Каспий теңізінің маңызы
Каспий теңізі – бірегей экожүйе, су биоресурстарының аса маңызды көзі және еліміздің, әсіресе батыс өңірлердің тұрақты дамуына елеулі үлес қосатын аймақ. Қазақстан жағалауының ұзындығы 2320 шақырым, бұл Каспий маңындағы мемлекеттер арасындағы ең ұзын жағалау сызығы.