Таразда сотқар баланың анасы сот алдында жауап беруге мәжбүр болды
Сотта буллинг жасаған баланың заңды өкілі кінәлі деп танылып, әкімшілік айыппұл арқалады

Таразда сот сыныптасын жәбірлеген оқушының анасына айыппұл салды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy облыстық сотқа сілтеме жасап.
2025 жылдың мамыр айында Тараз қаласының жалпы білім беретін мектебінің оқушысы өзінің құрдасын ұрып-соғып, жәбірлеген.
«Сотта буллинг жасаған баланың заңды өкілі – анасы ұлының іс-әрекетіне өкінетінін және болашақта мұндай оқиғаның қайталануына жол бермейтінін айтты», - деп жазылған хабарламада.
Кінә хаттамамен, кезекші-полиция инспекторының баянатымен, тараптардың жазбаша түсініктемелерімен, оқиға орнынан алынған бейне-фиксациямен және істің басқа да материалдарымен расталды.
Сот құқық бұзушылықтың сипатын, кінәлінің жеке басын және материалдық жағдайын, кінәсін мойындауын, осы құқық бұзушылықты алғаш рет жасауын және жәбірленушінің кешіргенін ескере отырып, айыппұл мөлшерін 30%-ға қысқартты.
«Сот қаулысымен баланың заңды өкілі ӘҚБтК 127-2-бабының 3-бөлігі бойынша кінәлі деп танылып, оған 27 мың теңге көлемінде әкімшілік айыппұл салынды», - деп хабарлады сот.
Сот қаулысы заңды күшіне енді.