Тұрғылықты жерге тіркелу тәртібі өзгереді
Цифрлық даму министрлігі тұрғылықты жерге тіркелуді толық цифрлық форматқа көшіруді ұсынып отыр

Тұрғылықты жерге тіркелудің жаңа тәртібі қызметті цифрлық форматқа көшіруді қарастырады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy «Ашық НҚА» порталына сілтеме жасап.
Өзгеріске сәйкес, қазақстандықтар тұрғылықты және уақытша тіркеуге тек цифрлық форматта – «электронды үкімет» порталы, eGov мобильді қосымшасы және банк қызметтері арқылы ғана тұра алады.
2024 жылы 450 мыңнан астам адам бұл қызметті онлайн режимінде де, Халыққа қызмет көрсету орталықтарында да (ХҚКО) алған. ХҚҚО-ға түсетін жүктемені азайту үшін Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі тіркеуді толығымен цифрлық форматқа көшіруді жоспарлап отыр.
«Қазіргі уақытта бұл қызмет «электронды үкімет» порталында, eGov мобильді қосымшасында және бірқатар екінші деңгейлі банктің қосымшасында қолжетімді», - деп атап өтті ведомство.
Ал өзін-өзі тіркей алмайтындар – мысалы, егер мүліктің иесі электронды цифрлық қолтаңбасы жоқ кәмелетке толмаған бала немесе әрекетке қабілетсіз азамат болса, офлайн қызметке жүгіне алады. Мұндай жағдайда Халыққа қызмет көрсету орталығына хабарласу керек.
Қазақстандықтар жобаны талқылауға 2025 жылдың 25 тамызына дейін қатыса алады.