Екібастұзда ер адам полицейлерге теміржол бойынан жылқыларды айдап әкетуге кедергі келтірді
Ол жауапқа тартылып, көлігі айыппұл тұрағына қойылды

Екібастұзда ер адам полицейлердің теміржол бойында жайылып жүрген 40 жылқыны айдап, арнайы тұраққа жеткізуіне кедергі жасады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Павлодар облысы полиция департаментінің мәліметінше, 7 тамыз күні сағат 11:00 шамасында кезекші бөлімге «БК» ЖШС разрезінің аумағында теміржол бойында жайылып жүрген жылқылардың жүк пойыздарының өтуіне бөгет жасап тұрғаны туралы хабар түскен.
«Оқиға орнына учаскелік инспектор жіберілді. 40 бас малды Екібастұз қаласына қарасты Қоянды ауылындағы арнайы тұраққа айдап апару кезінде олардың иесі келіп, жылқыларды тұраққа жеткізуге кедергі жасады, оларды көлікпен қайырып әкетті және полиция қызметкерлерінің талабына бағынған жоқ», – деді Павлодар облыстық полиция департаментінде.
38 жастағы азаматқа теміржол көлігіндегі қозғалыс қауіпсіздігін қамтамасыз ету ережесін бұзғаны үшін хаттама толтырылды. Сонымен қатар, оған жол қозғалысы ережесін бұзып, апатты жағдай туғызғаны және қауіпсіздік белдігін тақпай көлік жүргізгені үшін айыппұл салынды. Жалпы айыппұл көлемі – 18 АЕК.
Көлік құралы арнайы тұраққа қойылды.