Алматыда базарда ұрлық жасады деген күдікпен үш әйел адам ұсталды
Олар бірге жүріп ұрлық жасаған
Алматыда қаладағы ірі базарларда ұрлық жасады деген күдікпен үш адам ұсталды. Тергеу нұсқасы бойынша, олар жұрттың аңғалдығын пайдаланып, біріге отырып, әрекет еткен, деп хабарлайды Azattyq Rýhy қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Тергеу мәліметінше, күдіктілер бірнеше күн бойы базарға келгендерді «аңдып», адам көп жиналған жерлерді таңдап, сатып алушылардың назарын басқаға аудару арқылы заттарын ұрлаған. Қазір әйелдердің жеке басы анықталды, ал тергеушілер олардың осыған ұқсас басқа да қылмыстарға қатыстылығын тексеріп жатыр.
«Біз «Заң және тәртіп» қағидатын принципті түрде және жүйелі түрде қамтамасыз етеміз. Заңды бұзған әркім, жынысына, жасына немесе мәртебесіне қарамастан, анықталып, ұсталып, жауапқа тартылады. Бұл жағдайда бізде жеткілікті дәлелдер бар және кінәлілердің жазалануы үшін жұмыс істейміз», – деді Алатау ауданы полиция басқармасының бастығы Еділхан Байғараев.
Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды, қажетті тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр.