Алматыда барахолкадағы өртті сөндіруге 50-ден астам құтқарушы, дрондар жұмылдырылды
Тілсіз жау асханадан басталып, екі 20 тонналық контейнерге таралған

Алматыда «Үшқоныр» базарында асхана мен екі контейнер өртенді. Оқиға 11 тамыз күні таңертең болды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Өрт жарты сағатта ауыздықталды
Алматы қаласы ТЖД мәліметінше, өрт туралы хабарлама «112» пультіне сағат 7:34-те түскен. Оқиға орнына күшейтілген шақыру бойынша өрт сөндіру күштері жұмылдырылды.
Тілсіз жау асханадан басталып, екі 20 тонналық контейнерге таралған. Жалпы өрт аумағы 70 шаршы метрді құрады. Толық сөндіру жұмысы 8:03-те аяқталды.
Құтқарылған мүлік пен қауіпсіздік шаралары
ТЖД мәліметінше, дер кезінде қабылданған шаралардың арқасында өрттің ары қарай таралуы тоқтатылып, кәсіпкерлердің мүлкі сақталды. Екі көлемі 25 литрлік газ баллоны қауіпсіз жерге шығарылып, суыту жұмысы жүргізілді.
Өрт сөндіруге дрондар қолданылды
Өрт ошағын анықтау және жоғары температуралы аймақтарды белгілеу үшін дрондар пайдаланылды. Операцияға 51 қызметкер және 13 техника жұмылдырылды.
Зардап шеккендер жоқ
Өрттен зардап шеккендер болмады. Қазіргі уақытта өрттің шығу себебі анықталуда.