Шымкентте автобус ішінде жолаушыны ұрған әйел сотталып кетті
Оқиға биыл 25 маусымда болды

Шымкентте №21 маршруттағы автобуста жолаушыны ұрып-соққан әйелге 1 жылға бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Оқиға қоғамдық көлікте болған
Қалалық соттың мәліметінше, оқиға 2025 жылғы 25 маусымда №21 бағытындағы автобуста болған. Қалалық қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сот ҚР ҚК-нің 108-1-бабы 2-бөлімі 5-тармағы («Бұзақылық ниетпен денсаулыққа жеңіл зиян келтіру») бойынша істі қарады.
Жәбірленушіні шашынан тартып, бірнеше рет тепкен
Сот анықтағандай, айыпталушы жәбірленушінің шашынан ұстап, бірнеше рет тартып, аяқпен теуіп, дене жарақатын келтірген. Медициналық сараптама қорытындысы жарақатты денсаулыққа жеңіл зиян деп бағалаған.
Видеодәлелдер мен сараптама кінәні растады
Сот барысында айыпталушының кінәсі медициналық сараптама қорытындысымен, оқиға орнынан алынған бейнежазбамен және басқа да дәлелдермен толық дәлелденді.
Сот жеңілдететін жағдайларды ескерді
Прокурор айыпталушыға 1 жылға бас бостандығын шектеу жазасын сұрады. Жәбірленуші кешірмегенін айтып, заңға сәйкес жаза тағайындауды өтінді.
Айыпталушы кінәсін мойындап, еркінен айырмайтын жаза тағайындауды сұрады. Сот үкім шығара отырып, оның бала тәрбиелеп отырғанын және кінәсін мойындауын жеңілдететін мән-жай ретінде ескерді.
Ауырлататын жағдайлар анықталған жоқ.
Сот шешімі әзірге заңды күшіне енген жоқ
Нәтижесінде, сот әйелді кінәлі деп танып, 1 жыл мерзімге бас бостандығын шектеу жазасын тағайындады. Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.