Жаңаөзенде құрылыс компаниясы ешбір құжатсыз, кепілсіз пәтер сатқан
Оған 1,1 млн теңге көлемінде айыппұл салынды

Жаңаөзенде құрылыс компаниясы қажетті рұқсаттар мен кепілдіктерсіз тұрғын үй кешеніндегі пәтерлерді сату жөнінде заңсыз жарнама жариялаған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Жаңаөзен қалалық соты аталған заңбұзушылыққа байланысты қозғалған әкімшілік істі қарау барысында құрылыс салушы мынадай талаптарды орындамағанын анықтады:
- Бірыңғай оператордан кепілдік алмаған;
- Үлескерлердің қаражатын тартуға жергілікті атқарушы органнан рұқсат алмаған;
- Екінші деңгейлі банкпен келісім жасамаған.
Осыған қарамастан, интернетте көрсетілген тұрғын үй кешені бойынша пәтер сату туралы жарнама тараған. Бұл «Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы» заңға қайшы.
Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 320-бабының 1-бөлігіне сәйкес, үлестік құрылыс саласында шынайы емес ақпаратты тарату үшін заңды тұлғаларға 300 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) көлемінде айыппұл қарастырылған.
«Сот құрылыс салушыны ӘҚБтК-нің 320-бабының 1-бөлігі бойынша кінәлі деп танып, оған 1,1 млн теңге көлемінде айыппұл салды», – деп хабарланды Маңғыстау облысы соттарының ресми парақшасында.
Қаулы заңды күшіне енді.