$ 536.58  622.75  6.71
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

«Үш сағаттан артық жұмысқа келмеген»: Отбасы банк пен экс-қызметкер арасындағы жанжал Алматы сотында қаралған

Банк мәселені түсіндіріп хат жолдады

«Үш сағаттан артық жұмысқа келмеген»: Отбасы банк пен экс-қызметкер арасындағы жанжал Алматы сотында қаралған
Фотоколлаж: Әбілқасым Есентаев/Azattyq Ruhy

Әлеуметтік желіде «Отбасы банкінің» бұрынғы жобалық менеджері Максим Илешев банктегі жемқорлық фактілерін әшкерелегеннен кейін жұмысынан айырылғанын мәлімдеген еді. Бұл туралы ол қоғамдық алаңдарда ашық жариялады, деп жазады Azattyq Rýhy.

Максим Илешевтің айтуынша, банктің әртүрлі деңгейдегі басшылары жүйелі түрде ақша жинап, қысым көрсетіп, сыбайлас жемқорлық сипатындағы әрекеттер жасайды Ол бұл жағдайларды тиісті органдар мен банк басшылығына хабарлаған соң, өзіне қысым жасалып, соңында жұмыстан шығып қалғанын айтады.

Илешев «Отбасы банкінде» 3,5 жыл жұмыс істеген. Оның айтуынша, еңбекақыдағы дискриминация және KPI жүйесі мен оның есебінің терістігі жөнінде мәселе көтерілгеннен кейін басшылықпен арада жанжал басталған.

«Мен және әріптестерім еңбек жағдайларына байланысты сауалдар қойғаннан кейін, маған қарсы қоқан-лоқы, аңду, бопсалау және жұмыстан кетуге итермелеу әрекеттері басталды», – дейді Илешев.

Видеоүндеуде ол өзіне қатысты алғашқы тәртіптік жаза қандай болғанын айтып берген.

«Банк тарапынан маған іскерлік этика кодексін бұзды деген негізсіз ескерту берілмек болды. Алайда мен бұл айыптаулардың негізсіз екенін дәлелдеп қана қоймай, өз қорғауымда банк басшылығының дәл осы кодексті жүйелі түрде бұзатынын және жемқорлыққа жол бергенін нақты фактілермен көрсеттім», – деді ол.

«Отбасы банк» Максим Илешевтің бұл айыптауларына қатысты редакция тілшісіне ресми жауабын жіберген екен.

«2023 жылы «Отбасы банкі» басқарма төрайымының орынбасарларының бірінің демалысы кезінде өзі жетекшілік ететін департаменттердің қызметкерлері оны туған күнімен құттықтауға шешім қабылдап, басшылықтың сыйлық беруге алдын ала тыйым салғанына қарамастан, дөз басшысына құрмет пен көңіл бөлгісі келіп, өз еріктерімен қаражат жинап, шапан сатып алды. Мұндай сыйлықты таңдаудың себебі  сәрсенбіде банк филиалдарына келетін халықты ұлттық киім киген қызметкерлер қарсы алады. Бұл жай ғана сыртқы көріністің элементі емес, ұлттық дәстүрлерді, қонақжайлылықты және тұтынушыларға деген шынайы көзқарасты құрметтейтін корпоративтік мәдениеттің маңызды бөлігі. Сондықтан сыйлық ретінде шапан таңдалды. Сыйлық банктің басқарма төрайымының орынбасарына оның жұмысқа шыққан кезінде сыйланды. Алайда ол оны қайтарып, жиналған ақшаны қызметкерлерге қайтаруды талап етті», - деп хабарлады банктің баспасөз қызметі.

Баспасөз қызметі Илешев дәл осы фактіні сыбайлас жемқорлық ретінде көргенін айтады.  Бұл туралы ол Банк басшылығына хабарлаған.

«Бұған жауап ретінде Отбасы банкінде ішкі тексеру басталды. Оның нәтижелері егжей-тегжейлі сипатталып, банктің бастамасы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі уәкілетті органға қарау және құқықтық қорытынды жасау үшін жіберілді. Жауап ретінде сипатталған жағдайда қылмыс құрамы анықталмағаны туралы хат алынды. Болашақта мұндай жағдайлардың алдын алу және сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті күшейту үшін банк басшылығы қызметкерлермен кездесті. Онда сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша заңнаманың және Банктің ішкі құжаттарының талаптары, сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманы бұзғаны үшін жауапкершілік және қолданылатын шаралар туралы айтылды», - делінген хабарламада.

Белгілі болғандай, 2024 жылы Отбасы банкінің қызметкері ретінде Илешев Алматы қаласының аудандық сотына талап арыз берген.

«Ол жалақы бойынша кемсітушілікті жоюды, ол үшін моральдық зиянды өндіріп алуды, жұмыс компьютерінде тыйым салынған бағдарламаны рұқсатсыз пайдаланғаны үшін салынған тәртіптік жазаны алып тастауды сұрады. Аудандық сотта бұл талап қанағаттандырылмады. Әрі қарай ол қалалық сотқа шағым түсірді. Алматы қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасы аудандық соттың шешімін өзгеріссіз қалдырып, талапкердің апелляциялық шағымын қанағаттандырмады», - деді олар.

Максим Илешев неге жұмыстан шығып қалғанын түсіндірмек болған банк қызметкер 2024 жылдың 20 және 26 қыркүйегінде жұмысқа келмегенін хабарлап отыр. 

«Бұл ретте өзінің жоқтығын белгіленген тәртіппен ресімдеген жоқ. Себепсіз жұмыс орнында болмау - бұл еңбек тәртібін бұзатын және еңбек шартының талаптарын бұзатын факт. Сондықтан, ҚР Еңбек кодексінің 52-бабы 1-тармағының 8-тармақшасына сәйкес банк қызметкер М. Илешевпен еңбек шартын тоқтатты, өйткені ол бір жұмыс күні қатарынан үш және одан да көп сағат бойы жұмыста дәлелсіз себептермен болмаған. Содан кейін М. Илешев Алматы аудандық сотына қайтадан талап арыз беріп, еңбек шартын бұзу туралы бұйрықты заңсыз деп тануды, оның күшін жоюды және бұрынғы лауазымын қалпына келтіруді талап етті. Соттың алдыңғы шешімі бойынша, банктің әрекеттері Еңбек заңнамасының нормаларына негізделгенін, М. Илешевтің еңбек құқықтарын бұзуға жол берілмегенін, еңбек шартын бұзу туралы бұйрықтың заңды екенін анықтады. Сондықтан сот талап арызды қанағаттандырмады», - делінген хабарламада.

Олардың хабарлауынша, Алматы қалалық сотының Азаматтық істер жөніндегі сот алқасы да банктің іс-әрекеттерінде талапкердің еңбек құқықтарының бұзылуына әкеп соққан мән-жайларды анықтаған жоқ. Сондықтан аудандық соттың шешімін қалалық сот өзгеріссіз қалдырды, ал апелляциялық шағымды қанағаттандырмады.

«Осылайша, Отбасы банкінің барлық әрекеттері заңды және Қазақстанның заңнамасына сәйкес болды», - деп түйіндеді олар.

 

Серіктес жаңалықтары