Компания департамент нұсқамасын заңсыз деп тануды талап етті
Каспий теңізіндегі Қашаған кен орнын игеріп жатқан North Caspian Operating Company N.V. (NCOC) Атырау облысының Экология департаментіне қарсы сотта жеңіске жетті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Елордалық соттың мәліметінше, компания 2022 жылғы 13 желтоқсандағы №072-17 нұсқаманы заңсыз деп тану және күшін жою туралы талап арыз берген. Бұл құжатта күкірт сақтау лимитінің асып кетуі, ағынды сулардың төгілуі және өзге де 10 экологиялық заңбұзушылық көрсетілген болатын.
Сот Атырау облысының Экология департаменті аталған нұсқаманы дайындау барысында Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекстің талаптарын бұзғанын анықтады. Сондықтан нұсқама жойылды, алайда сот экологиялық заңбұзушылықтардың мазмұнына баға берген жоқ.
Сот шешімі:
«Процедуралық бұзушылықтар үшін нұсқаманың күшін жою экологиялық заңнаманың бұзылмағанын білдірмейді. Бұл шешім Атырау облысы Экология департаментінің анықтаған заңбұзушылықтарының мәнін теріске шығармайды және уәкілетті органның қайта әрекет ету мүмкіндігін жоққа шығармайды», – делінген.
Яғни, департамент бұрынғы процессуалдық қателіктерді түзетіп, жаңа тексеріс жүргізе алады.
Еске сала кетейік, 2023 жылы Қазақстан Үкіметі NCOC компаниясына 2,3 триллион теңге көлемінде айыппұл салған. Бұл шешім де күкірттің шамадан тыс жиналуына байланысты қабылданған болатын.