$ 536.58  622.75  6.71
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

500 мың теңге несие төлейді: Шымкент тұрғыны банктегі қарызына байланысты сотқа жүгінді

Әйел адам төлем қабілетін қалпына келтіруді сұрады

500 мың теңге несие төлейді: Шымкент тұрғыны банктегі қарызына байланысты сотқа жүгінді
Фото: istockphoto.com

Шымкентте 500 мың теңге жалақы алатын тұрғын несие қарыздарын уақытында өтей алмағандықтан сотқа жүгінді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Қалалық соттың мәліметінше, қарыз алушының төлем қабілетін қалпына келтіру рәсімін қолдану туралы азаматтық іс Шымкенттің ауданаралық азаматтық істер жөніндегі сотында қаралды.

Несие өтеу кестесін ұстанған, бірақ толық жабуға мүмкіндігі жоқ

Талапкердің айтуынша, несие шарттары бойынша қарыздары бар және ол төлемдерді белгіленген кестеге сәйкес төлеп келген. Алайда қарызды толық әрі бір жолғы өтеуге қазіргі таңда мүмкіндігі жоқ.

Сонымен қатар, әйел адам жалақы алып отырғанын және болашақта қарыздарын өтеуге нақты мүмкіндігі барын атап өтті.

Қарыз мөлшері – 8 миллион теңгеден асады

Сот деректеріне сәйкес, жалпы қарыз сомасы 8 миллион теңгеден асады, ал ай сайынғы төлем көлемі – 500 мың теңге.

Оның ішінде 220 мың теңге отбасы қажеттіліктеріне және өзге де шығындарға жұмсалады.

Сот төлем қабілетін қалпына келтіру рәсімін мақұлдады

Қаржы басқарушысының қорытындысы бойынша, азаматшаның табыс көзі болғандықтан, төлем қабілетін қалпына келтіру рәсімін қолдануға негіз бар.

Сот талапкердің қазіргі кезде шартта көрсетілген мерзімде қарыздарын жаба алмайтынын, алайда табыс мөлшеріне сүйене отырып болашақта төлем қабілетін қалпына келтіре алатынын анықтады.

«Қарыз алушының қаржылық жағдайы, міндеттемелердің едәуір көлемі және табысының жеткіліксіздігі оның қысқа мерзімде міндеттемелерін орындауына мүмкіндік бермейді. Бұл оның төлем жасауға қабілетсіз екенін көрсетеді», – делінген сот шешімінде.

Сот қарыз алушының талабын заңды әрі негізді деп танып, оған төлем қабілетін қалпына келтіру рәсімін қолдану туралы шешім қабылдады. Шешім заңды күшіне енді.

Серіктес жаңалықтары