Қостанайда жүргізуші қару асынамын деп көлігінен айырылып қалды
Оның көлігінен дыбыс сигналдары табылды

Қостанайда полицейлер рұқсатсыз арнайы дыбыс сигналдарын орнатқан Mitsubishi көлігінің жүргізушісін ұстады. Тексеру барысында оның көлігінен пышақ пен атыс қаруы табылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Қостанай облыстық ПД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
48 жастағы жергілікті тұрғынды полиция қызметкерлері құжаттарын тексеру үшін тоқтатқан. Инспекторлардың назарын көлік салонына орнатылған дыбыс сигналдары аударған.
«Орнатылған арнайы сигналдарды тек тиісті рұқсат болған жағдайда ғана пайдалануға болады», – деп хабарлады Полиция департаменті.
Көлікті тексеру кезінде бүйір есіктен қаптамадағы пышақ, ал қолғап жәшігінен атыс қаруы табылған.
«Табылған заттар тәркіленіп, сараптамаға жіберілді. Сараптама нәтижесі бойынша процестік шешім қабылданады», – деп түсіндірді полицияда.
Арнайы сигналдарды заңсыз пайдаланғаны үшін жүргізушіге 25 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) көлемінде, яғни 98 300 теңге айыппұл салынды. Көлік арнайы тұраққа қойылды.