БАҚ беттерінде Бағдат Мәнізоровқа тағылған айып алып тасталды деген ақпарат тарап жатыр
Әлеуметтік желілерде 28 қазан күні Алматы облысы әкімінің орынбасарының үстінен қозғалған қылмыстық іс тоқтады деген бір бет құжаттың көшірмесі тараған болатын. Скрин-парақтың астында Бас прокуратураның қылмыстық қудалау қызметі басшысының орынбасары Әбу-Әли Саттардың аты жөні көрсетілген.
Фото. Скрин құжат
Қылмыстық істің тоқтатылғаны туралы ақпаратқа қатысты Бағдат Мәнізоровтың адвокаты пікір білдірді. Azattyq Rýhy ақпарат агенттігі тілшісіне Алмас Демесінов желіге шығып кеткен құжаттың түпнұсқаға жақын екенін айтты. Бірақ ресми түрде ол құжатты әлі қолына алмағанын жеткізді.
«Бұл іс бойынша қылмыстық құрамның анықталмағаны анық. Істің тоқталғаны туралы арыз үкіметтің электронды кабинетіне жолданғаны да рас. Ал толыққанды мәліметтер беру үшін Бағдат Мәнізоровтың өзімен келісіп алуым керек,» -дейді адвокат.
Аталған іс бойынша Бас прокуратураның баспасөз қызметі ресми ақпарат беруге асықпай отыр. Ал Алматы облысы әкімінің баспасөз хатшысы Ғалымұрат Жүкел әкім орынбасарының ресми түрде еңбек демалысында екенін ескертеді.
«Арнайы регламент бойынша, төлем ақысыз демалыс белгілі бер мерзімге дейін беріледі. Сондықтан біз бұрын да Мәнізоровтың бірінші қарашаға дейін демалыста екенін мәлімдегенбіз. Ақысыз еңбек демалысты ұзарту туралы одан ешқандай арыз түскен жоқ»,- деді баспасөз хатшы.
Біздің тілшілер Бағдат Мәнізоровтың Алматыдағы зәулім баспаналардың бірінде тұратынын анықтады.
Айта кетейік, Алматы облысы әкімінің орынбасары Б.Мәнізоровтың «қамалғаны» туралы ақпарат 26 қыркүйек күні тарады. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі басшысының бірінші орынбасары Олжас Бектенов 2 қазанда Мәнізоровтың ірі көлемде алаяқтық жасаған деген күдікке ілінгенін ресми мәлімдеді.
Ришат Асқарбекұлы, Алматы