$ 543.24  619.89  6.78
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Жамбыл облысында жанармай бекетінде шетел азаматын пышақтаған адам 11 жылға сотталды (ВИДЕО)

Сот жанармай бекетінде адам өлтіруге оқталу туралы іс бойынша үкім шығарды

Жамбыл облысында жанармай бекетінде шетел азаматын пышақтаған адам 11 жылға сотталды (ВИДЕО)
Фото: Видеодан скрин

Жамбыл облысында жанармай бекетінде мотоцикліне бензин құйып тұрған шетел азаматын пышақтаған адам 11 жылға сотталып кетті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Жамбыл облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты суық қаруды заңсыз алып жүргені және бұзақылық ниетпен адам өлтіруге оқталғаны үшін айыпталған Ә-ге қатысты қылмыстық істі қарады (ҚК 287-бабының 1-бөлігі, 24-бабының 3-бөлігі – 99-бабы 2-бөлігінің 9) тармағы).

2025 жылдың сәуір айында сотталушы Меркі ауданындағы жанармай құю бекетінде болған кезінде жанармай құю бекетінен шығып келе жатқанда шетелдік азаматпен соқтығысып қалған.

Сотталушы болмашы нәрсені сылтауратып, шетел азаматының артқы жағынан келіп, екі рет пышақпен соққы жасаған. Салдарынан арқасына және оң жақ кеуде тұсына жарақат келген. Алайда жанында тұрғандар ер адамды ұстап, шетелдікті құтқарып қалған.

Кінә сотталушының, жәбірленушінің және куәлердің айғақтарымен, сарапшылардың қорытындыларымен және басқа да заттай дәлелдемелермен дәлелденді.

Тараптардың позициясы

Прокурор сотталушыға ҚК 287-бабының 1-бөлігі бойынша – 100 АЕК көлемінде айыппұл салу, ҚК 24-бабының 3-бөлігі – 99-бабы 2-бөлігінің 9) тармағы бойынша 15 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады.

Жәбірленуші тарап сотталушыдан 10 млн теңге көлемінде моралдық зиянды, 1,3 млн теңге көлемінде материалдық залалды өндіре отырып, бас бостандығынан айыру түрінде қатаң жаза тағайындауды сұрады.

Сотталушы жасаған қылмысына өкініп, кінәсін мойындамады.

Сот шешімі

«Сот жеңілдететін мән-жайлар ретінде кәмелеттік жасқа толмаған балаларының болуын анықтады, ауырлататын мән-жайлар анықталмады.

Сот үкімімен Ә. ҚК 287-бабының 1-бөлігі, 24-бабының 3-бөлігі – 99-бабы 2-бөлігінің 9) тармағы бойынша кінәлі деп танылып, оған онша қатаң емес жазаны неғурлым қатаң жазаға сіңіру жолымен түпкілікті – 11 жыл 3 ай мерзiмге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.

Сот күдіктіден 500 мың теңге моральдық зиян және 1,3 млн теңгеден астам мүліктік залал сомасын өндірді. Үкім заңды күшіне енген жоқ», – делінген облыстық сот хабарламасында.

Серіктес жаңалықтары