Астанада ауыл мектептерінің 300-ге жуық мұғалімі бас қосады
Олар түрлі маңызды тақырыптарды талқылап, тәжірибе алмаспақ

Жылдағы дәстүр бойынша тамыз айында ұстаздар жаңа оқу жылына тыңғылықты дайындалып, оқу үдерісін жүйелеп, алдағы міндеттерді айқындайды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Осы тұста «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымы ауыл мұғалімдерінің кәсіби дамуын қолдау және үздік тәжірибені тарату мақсатында екі ірі республикалық іс-шара өткізуді жоспарлап отыр.
2025 жылғы 7–8 тамызда Астанада «Жас ұстаз: табысқа апарар жол» республикалық форумы өтеді.
Шараға еліміздің түкпір-түкпіріндегі ауыл мектептерінде қызмет етіп жүрген 300-ге жуық жас педагог қатысады.
Форумда инклюзивті білім беру, жасанды интеллектті оқыту процесіне енгізу және өзге де өзекті тақырыптарды қамтитын әдістемелік алаңдар, воркшоптар, педагогикалық квесттер мен шеберлік сабақтары ұйымдастырылады. Назарбаев Зияткерлік мектептерінің жас мұғалімдері өздерінің үздік тәжірибелерін бөлісіп, әріптестеріне кәсіби қолдау көрсетеді.
Сондай-ақ шара барысында түрлі салада табысқа жеткен жас көшбасшылармен мотивациялық кездесу өткізу жоспарланған.
Еске салсақ, «Жас ұстаз: табысқа апарар жол» форумы 2022 жылдан бері табысты жүзеге асырып келе жатқан жүйелі бастамасы. Жас мамандардың кәсіби қалыптасуына атсалысатын бұл форум қысқа мерзімде тәжірибе алмасу мен шабыт алу алаңына айналды.
Ал 2025 жылғы 14 тамызда Назарбаев Зияткерлік мектептері алғаш рет республикалық педагогикалық отырысты ауыл мектебі базасында өткізбек. «Ауыл мектебі: тең мүмкіндіктер жолында» атты жиын Қарағанды облысы, Осакаров ауылындағы Әлихан Бөкейхан атындағы тірек мектепте ұйымдастырылады. Шараға еліміздің әр аймағынан 200-ге жуық тірек мектеп басшысы қатысады, ал 4 000-нан астам мұғалім қашықтан қосылады.
Отырыста сарапшылар мен тірек мектептердің директорлары білім беру ұйымдарын тиімді басқару, инклюзивті оқытуды жүзеге асыру және мектеп қауымдастығында жайлы орта қалыптастыруға бағытталған үздік тәжірибелерін бөліседі.
Бүгінде аталған жобаға 135 тірек мектеп тартылған, ал жаңа оқу жылында бұл санды 200-ге дейін жеткізу жоспарда бар. Жоба аясында мектептердің материалдық-техникалық базасын жаңарту, жайлы орта қалыптастыру, заманауи оқыту тәсілдерін енгізу, педагогтердің кәсіби дамуын қолдау және әдістемелік сүйемелдеу арқылы ауыл мектептеріндегі білім сапасын көтеру көзделеді.