Алматы мен Атырауда ауа сапасы нашарлайды – Қазгидромет
Синоптиктер 27 шілдеге болжам жасады

Бүгін, 27 шілдеде, Қазақстанның екі қаласында — Алматы мен Атырауда атмосферада зиянды заттардың шоғырлануы күшейеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy «Қазгидромет»дерегіне сілтеме жасап.
Казгидромет мамандарының айтуынша, бұл қолайсыз метеорологиялық жағдайларға байланысты.
«2025 жылғы 27 шілдеде Алматы қаласында тәулік бойы, ал Атырау қаласында түнгі мезгілде атмосфералық ауаның ластану деңгейі жоғары болады», – делінген «Қазгидромет» таратқан ресми хабарламада.
Қолайсыз метеожайлар деген не және олар неге қауіпті?
ҚМЖ — бұл ауаның ластану деңгейін күшейтетін метеорологиялық құбылыстар жиынтығы. Олардың қатарына:
- Штиль (ауа қозғалысының болмауы)
- Баяу жел
- Тұман
- Температуралық инверсия (жылы қабаттың суық қабатты басып қалуы)
Бұл факторлар зиянды қалдықтардың ауада шоғырлануына әкеледі. Әсіресе өнеркәсіптік аймақтарда, көлік қозғалысы тығыз жерлерде ауаның сапасы төмендеп, денсаулыққа қауіпті деңгейге жетуі мүмкін.
Мұндай жағдайда не істеу керек?
ҚМЖ кезінде дәрігерлер төмендегі қауіпсіздік шараларын сақтауға кеңес береді:
- Ашық ауада ұзақ уақыт болмау
- Спортпен жабық бөлмеде айналысу
- Терезені сирек ашып, үй ішін дымқыл шүберекпен сүрту
- Тыныс алу жолдары аурулары бар адамдарға бетперде тағу.