Қазақстан интернет жылдамдығы бойынша нешінші орында?
Мобильді интернет жүйріктігімен Біріккер Араб әмірлігі көш бастап тұр

Қазақстан мобильді интернет жылдамдығы бойынша 103 елдің арасындағы әлемдік рейтингте 47-орынға тұрақтады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy 24.kz-ке сілтеме жасап.
ТМД елдері арасында 1-орында
Бұл туралы SPEED-тест Глобал Индекстің маусым айына арналған нәтижесінде мәлім болды.
«Қазір республикамыздың интернет жылдамдығы секундына 87,27 мегабитке жетіп, ТМД елдері арасында 1-орынға шықты», - деп хабарлады телеарна.
Екінші орынға Әзербайжан, ал үшінші сатыға Өзбекстан мемлекеті тұрақтады. Ал жалпы әлем бойынша мобильді интернет жүйріктігімен Біріккер Араб әмірлігі көш бастап тұр.
Астана Токиодан алда ма?
Айта кетейік, «Қазақтелеком» басшысы Бағдат Мусин цифрлық даму министрі болып тұрғанда Астананың интернет жылдамдығы Токиодан алда екенін айтқан болатын. Оның бұл сөзі қоғамда қызу талқыға түсті. Көпшілік мұндай ақпаратқа сенбейтінін ашық білдірді. Алайда араға біраз уақыт салып экс-министрдің деректерін цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Асхат Оразбек қайталады.
«Рейтинг Астанада интернет Токиодан жақсырақ екенін кезекті рет көрсетіп отыр. Достар, бұл біздің рейтинг емес, біз оны жасамаймыз, бұл - халықаралық рейтинг. Кейде біз осы мемлекеттік органдардың қызметі туралы позитивті шындықты жария етпей, үнсіз қалуымыз керек сияқты көрінеді. Тек қана негативті айтуымыз керек сияқты», - деп қынжылды вице-министр.