Әлемде COVID-19 вирусын жұқтырғандар саны 8 миллионнан асып кетті
Індеттен қайтыс болғандар саны 435 662 мыңнан асты
Әлемде COVID-19 вирусын жұқтырғандардың жалпы саны 8 003 021 адамды құрады, деп хабарлайды РБК. Бұл туралы Джонс Хопкинс университеті мәлімдеген.
Өлім көрсеткіші мен індетті жұқтырғандардың ең көбі АҚШ-та тіркелген.
АҚШ-та коронавирус жұқтырғандар саны 2,1 миллионнан асса, Бразилияда 888, 2 мың адамды құрады. Ал Ресейде тіркелгендер саны 537,2 мыңға жетті.
Әлемде коронавирус індетінен қайтыс болғандар саны 435 662 мыңнан асты. Оның ең көбі АҚШ (116 114), Бразилия (43 959), Британия (41 821), сондай-ақ Италия (34 371) мен Францияда (29 439) тіркелген.
Сонымен қатар, осы уақытқа дейін індеттен 3,8 млн адам жазылып шықты.
Өткен аптада Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының басшысы Тедрос Гебрейесус әлемдегі коронавирус жағдайының нашарлағанын мәлімдеді. Әсіресе, Африка мен Орталық Азияда жұқтыру деңгейінің өскенін атап өтті. Сондай-ақ, Шығыс және Орталық Еуропа елдерінде де науқастар саны артқан.