Алакөлде демалып жүрген қарт кісіні катер қағып өлтірді: министрлік мәлімдеме жасады
Катер жүргізушісі қамауға алынды

Алакөл көлінде қайғылы жағдай болды. Жағажайда демалып жүрген 63 жастағы зейнеткерді су көлігі қағып өлтірді. Оқиғаға қатысты Туризм және спорт министрлігі түсініктеме берді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Министрлік мәліметіне сүйенсек, марқұмның аты-жөні Галина Ивановна Сизикова екені белгілі болды.
Қайғылы жағдай әділ тергелетініне сенім білдірілді
Министрлік оқиғаның барлық мән-жайы жан-жақты әрі әділ тергеліп, кінәлілердің Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жауапқа тартылатынына сенім білдіріп отыр.
Жағажай қауіпсіздігіне алдын ала назар аударылған
Туристік маусым басталар алдында ведомство жағалау мен су айдындарындағы қауіпсіздік мәселелеріне жергілікті атқарушы органдар мен құзырлы мемлекеттік құрылымдардың назарын аударғанын мәлімдеді.
Су көлігі министрліктің құзыретіне кірмейді
Министрлік атап өткендей, су көлігін реттеу, оның ішінде лицензиялау, басқаруға рұқсат беру, техникалық байқау және шағын кемелерді тіркеу Туризм және спорт министрлігінің құзыретіне жатпайды.
Қауіпсіздік шараларын күшейтуге ұсыныс жасалды
Осыған байланысты министрлік Көлік министрлігіне, Ішкі істер министрлігіне және жергілікті атқарушы органдарға ресми хат жолдап, су айдындарындағы демалушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және мұндай оқиғалардың алдын алу үшін барлық қажетті шараны қабылдауға қатаң ұсыныс білдірді.
Туристердің қауіпсіздігі – басты назарда
Министрлік туристердің қауіпсіздігін арттыру мақсатында кешенді шараларды жетілдіруді, сондай-ақ ақпараттандыру, алдын алу және бақылау мәселелерін қамтитын ведомствоаралық өзара іс-қимылды күшейтуді жалғастыратынын атап өтті.
Полиция департаменті түсініктеме берді
«Катер жүргізушісі уақытша ұстау изоляторына қамалды, тиісті сараптамалар тағайындалды, тергеу жүргізілуде. Оқиға орнында уәкілетті органдар тексеру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Тергеу жалғасуда. Оның нәтижелері бойынша заңнамаға сәйкес іс жүргізу шешімі қабылданады», – деп қосты полиция департаменті.