Жеңіл жолмен табыс тапқысы келген әйел адам 6 млн теңгесінен айырылып қалды
Ол өзіне бірнеше несие рәсімдеп алды

Ақмола облысында жеңіл жолмен табыс табамын деген әйел алаяқтардың құрбанына айналды. Бұл туралы облыстық полиция департаменті хабарлады, деп жазады Azattyq Rýhy.
Әлеуметтік желідегі жарнама алдап соқты
2025 жылдың 22 шілдесінде полицияға Ақмола облысының тұрғыны арыз түсірген. Ол интернеттегі «жылдам табыс» туралы жарнаманы көріп, өз нөмірін қалдырған. Көп ұзамай белгісіз ер адам хабарласып, өзін инвестициялық компания өкілі ретінде таныстырған.
Жалған платформада тіркеліп, несиелер рәсімдеген
Алаяқ әйелді Industrial-Trading атты онлайн платформада тіркелуге көндіріп, оған жеке деректерін енгізуді, банк карталарын тіркеуді, бірнеше тұтынушылық несие рәсімдеуді тапсырған.
Жалпы сома – 6 миллион теңгеден астам. Алаяқтың нұсқауымен бұл қаражат түрлі жеке кәсіпкерлердің шотына аударылған.
Алаяқ ізін суытты, әйел қарызбен қалды
Барлық ақша аударылған соң, ер адам байланысқа шықпай қойған. Қазір әйел ірі көлемдегі несие қарызымен жалғыз қалды.
Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды.
Полиция тұрғындарға ескертеді
Ақмола облыстық ПД азаматтарды интернеттегі инвестициялық ұсыныстарға сенбеуге, жеке деректер мен банк карталарын бөтен адамдарға бермеуге шақырады.