Ақмола облысында алаяқтар 30-дан астам адамды үйсіз, ақшасыз қалдырды
Қылмыстық істер бойынша материалдар сотқа жолданған

Ақмола облысында жылжымайтын мүлікпен байланысты ірі алаяқтық схема әшкереленіп, 30-дан астам тұрғын ақшасынан және баспанасынан айырылды. Бұл туралы Ақмола облыстық полиция департаменті хабарлады, деп жазады Azattyq Rýhy.
Жалған риелторлар сенімге кіріп, мүлікті заңсыз иемденген
Целиноград ауданының полиция бөліміне түскен арыз бойынша, белгісіз екі адам сенімге кіріп, азаматтың пәтерін заңсыз иемденіп алған. Келтірілген материалдық шығын 30 миллион теңгеге жуықтаған. Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.
Жүйелі алаяқтық: 30 жәбірленуші, жалпы шығын нақтылануда
Тергеу барысында ұқсас схема бойынша 30 адамның зардап шеккені анықталған. Алаяқтар өздерін риелтор ретінде таныстырып, мүлік иелерін банктегі рәсімдеу арқылы үшінші тұлғаның атына тіркеуге көндірген. Олар екі ай ішінде есеп айырысу болады деп уәде берген.
Алайда пәтерді кепілге қойғаннан кейін, алаяқтар үшінші тараптан ақша алып, ізін суытып отырған.
Полиция тұрғындарды сақ болуға шақырады
Полиция департаменті тұрғындарға жылжымайтын мүлікпен байланысты мәмілелерде ерекше сақ болуды ескертеді. Аталған қылмыстық істер бойынша материалдар сотқа жолданған.