«Екі айлық нәресте де бар»: Жетісуда 103 дәрігерлері бір үйдің 7 адамын жанып жатқан үйден алып шыққан (ВИДЕО)
Олар үй иесінің құжаттарын да алып шығуға көмектескен

Текелі қаласы бағытында Жетісу ауылынан қайтып келе жатқан Ескелді ауданының №6/6 жедел жәрдем бригадасы (фельдшерлер Ғабит Ерғаж бен Дамира Рахимова, жүргізуші Мұрат Сатеков) Қойшыбаев көшесінде тұрғын үйдің өртеніп жатқанын байқап, 7 адамның өмірін құтқарып қалды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Лапылдаған от ортасынан отбасыны құтқарып қалған фельдшер Ғабит Ерғаж оқиғаның мән-жайын айтып берді.
«Түнгі 11:00-лер шамасында Жетісу ауылына шақырту түсті. Науқасқа көмек көрсетіп, үйінде емделу үшін қалдырып кеттік. Қарабұлаққа қайтып бара жатқанда жол бойынша үйдің өртеніп жатқанын байқап қаламыз. Оқиға орнына барып, үйдің терезелерін қағамыз. Үйді айналып барсақ, өртеніп жатыр екен. 4-5 минуттан кейін үйден ұйқылы-ояу бір адам шықты. Басында не болып жатқанын түсінбей, кейін үй өртеніп жатқанын түсінді. Ол үйде жеті адам барын айтты», - дейді Ғабит Ерғаж.
Оның айтуынша, медициналық қызметкерлер үйге кіріп, ішінде болған 5 ересек пен 2 баланы, соның ішінде 2 айлық нәрестені де сыртқа эвакуациялаған. Маңызды құжаттарын алуға да көмектескен.
«Ешкімді күйік шалмапты. Бірақ қатты шошыған Кейін туыстары алып кетті», - деді фельдшер.
Кейін оқиға орнына өрт сөндірушілер келген. Өкінішке қарай, үйдің сау-тамтығы қалмаған.