Әлеуметтік қызметтер порталына үш айда 4 мың мүгедек жүгінген
Портал арқылы тапсырыс берген 1 718 азамат өз құралдарына қол жеткізді
Әлеуметтік қызметтер порталының қызметін 3 ай ішінде 2,2 мыңнан астам мүгедек және 1,7 мыңнан астам қамқоршы пайдалаып, оның жартысынан астамы өз тапсырыстарын сәтті алып та үлгерді, деп хабарлайды Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметі.
«2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап пилоттық режимде әлеуметтік қызметтер порталы іске қосылды. Аталған сайтта жеке бейімдеуді талап етпейтін техникалық оңалту құралдарына тапсырыс беруге болады. Әзірге әлеуметтік қызмет көрсету жөніндегі 5 бизнес-процестердің тек 2-і жүзеге асырылды.
2020 жылғы 26 наурыздан бастап мүмкіндігі шектеулі адамдар үйден шықпай-ақ тек SMS арқылы протездік-ортопедиялық көмекті, гигиеналық құрал-жабдықтар, тифло техникалық құралдар және сурдо-техникалық құралдарды алуға құжаттарды ресімдей алады»,- делінген хабарламада.
Әлеуметтік қызметтер порталы арқылы тапсырыс берген 1 718 азамат өз құралдарына қол жеткізді.
«Порталда 2020 жылдың ІІІ-ші тоқсанының соңына дейін пилоттық режимде жеке көмекшілердің (жүріп-тұруы қиын І-ші топ мүгедектігі бары), ымдау тілі маманының (естімейтіндігі бойынша мүгедектер үшін) қызметін алу және санаторлы-курорттық ем қабылдау бойынша құжаттарды рәсімдерді іске қосу жоспарланып отыр», - деп хабарлайды министрлік.
Еске салсақ, ағымдағы жылы оңалту тауарлары мен қызметтері – портал арқылы да, мемлекеттік сатып алулар арқылы да жүзеге асырылатын болады. Аталмыш қызметті толығығымен порталға толық көшіру 2021 жылдан бастап күтілуде.