Павлодарда интернет-алаяқтар үдеп тұр: жыл басынан бері 1150 іс тіркелді
Алаяқтар сенімге кіріп, мемлекеттік қызметкер ретінде хабарласады

Павлодар облысында 2025 жылдың басынан бері әлеуметтік желі арқылы жасалған 1150 интернет-алаяқтық дерегі тіркелді. Оның 839-ы тек Павлодар қаласының өзінде болған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Алаяқтар сенімге кіріп, мемлекеттік қызметкер ретінде танысты
Павлодар қалалық полиция басқармасының мәліметінше, алаяқтар өздерін мемлекеттік орган немесе банк қызметкері ретінде таныстырып, сенімге кіру арқылы азаматтарды алдап соғуда.
«Көп жағдайда жәбірленушілер жалған қызметкерлермен сөйлескеннен кейін ірі көлемде ақшасынан айырылып жатады. Алаяқтар барған сайын айласын түрлендіріп жатыр», – дейді Павлодар қаласы Орталық полиция бөлімінің учаскелік инспекторы Бауыржан Досымжанов.
Полицейлер халықты алаяқтардан сақ болуға шақырады
Құқық қорғау органдары қаладағы ұйымдарды аралап, азаматтарға мынадай ескертулерді жеткізуде:
- Ешбір мемлекеттік орган немесе банк сізден бөтен адамның шотына ақша аударуды сұрамайды;
- Олар жылжымайтын мүлік сату туралы ұсыныс жасамайды;
- Күдік тудырған жағдайларда бірден полицияға немесе банк бөлімшесіне хабарласу керек.
Алаяқтардың құрбаны болсаңыз – 102 нөміріне қоңырау шалыңыз
Полицейлер азаматтарды қырағы болуға шақырып, күмән тудырған кез келген хабарлама немесе қоңырау кезінде мынандай кеңес береді:
- сөйлесуді тоқтату;
- жақын маңдағы банк бөлімшесіне бару;
- 102 нөміріне дереу хабарласу.