«Банкоматтарды күзетеді»: Петропавлда интернет-алаяқтықпен күресудің жаңа әдісі іске қосылды
Әсіресе, алаяқтар егде жастағы адамдарды алдай алмайды

Солтүстік Қазақстан облысының орталығы Петропавл қаласында интернет-алаяқтыққа қарсы күрес мақсатында енгізілген жаңа алгоритм алғашқы нәтижесін берді. Бір апта ішінде полиция және жекеменшік күзет қызметі зейнеткерлердің ақшасын заңсыз иеленбек болған бірнеше әрекеттің алдын алды,деп хабарлады Azattyq Rýhy.
Қауіптің алдын алып, сақтап қалған жалпы қаражат көлемі 7 миллион теңгеден асты.
Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, жыл басынан бері облыста 270-тен астам интернет-алаяқтық фактісі тіркелген. Бұл барлық қылмыстың шамамен 25 пайызын құрайды. Осыған байланысты облыстық полиция департаментінің бастамасымен Петропавлда интернет-алаяқтыққа қарсы жаңа алгоритм енгізілді.
Аталған әдіс бойынша сауда және ойын-сауық орталықтарындағы полиция мен күзет қызметкерлері банкомат маңындағы жағдайды бақылауға алып, телефонмен сөйлесіп, абдырап тұрған егде жастағы адамдарға ерекше назар аударады.
Алаяқтардың жиі қолданатын сценарийлері – «Сіздің атыңызға несие рәсімделді», «Мен – балаңмын, жол апатына түстім» деген сияқты жалған ақпарат беру арқылы ақша аудартуға итермелеу.
Мысал ретінде үш нақты жағдайды атап өтуге болады:
Сауда орталықтарының бірінде полиция қызметкері банкомат жанында тұрған 74 жастағы зейнеткерді байқап, араласу арқылы 500 мың теңгенің аударылуына жол бермеді. Әйел адамға өзін банк қызметкері ретінде таныстырған белгісіз біреу қоңырау шалып, атына несие рәсімделгенін айтып, ақшаны «қауіпсіз шотқа» аударуды талап еткен.
75 жастағы тағы бір зейнеткер өзін немересі ретінде таныстырған алаяққа дәл осындай сомада ақша аудармақ болған. Банкомат маңындағы күдікті әрекетті күзетші байқап қалып, дереу полиция шақырған. Полицейлер уақытында келіп, зейнеткерді алаяқпен сөйлесіп жатқанына көз жеткізіп, қаражаттың заңсыз аударылуына жол бермеді.
Үшінші жағдайда егде жастағы ерлі-зайыпты «атыңызға несие рәсімделді» деген хабарламаға сеніп, алаяқтарға 1,5 миллион теңге аударып үлгерген. Алайда полицейлердің түсіндіру жұмысының арқасында қалған 4,5 миллион теңгені сақтап қалды. Бастапқыда зейнеткерлер тәртіп сақшыларына сенбей, алаяқтардың сөзіне иланған.
Полиция департаменті бұл әдістің тиімді екенін атап өтті. СҚО ПД бастығының бірінші орынбасары Асқар Мұхаметқалиев келешекте алгоритмді жетілдіру, кеңейту және үздік қызметкерлерді ынталандыру жоспарланып отырғанын жеткізді.
Полиция тұрғындарға зейнет жасындағы туыстары мен таныстарын банкомат алдында жалғыз қалдырмауды, оларға алаяқтардың кең тараған әдістері туралы түсіндіріп жүруді қатаң ескертеді. Ең бастысы – күмән туған жағдайда бірден "102" нөміріне немесе банкке ресми арна арқылы хабарласу қажет.