Астанада QR-код арқылы есірткі жарнамалаған әйел 3 жылға сотталды
Жарнама стикерлерін қаланың әр жеріне жапсырып шыққан

Астанада 28 жастағы әйелге есірткі құралдары мен психотроптық заттарды жарнамалағаны үшін үкім шықты. Ол қаладағы адамдар көп жүретін орындарға QR-коды бар стикерлер жапсырып, тыйым салынған интернет-платформаға сілтеме берген, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
116 стикер – 464 QR-код
Тергеу мәліметінше, әйел фотосалон арқылы әрқайсысында 4 QR-кодтан жасырылған 116 стикерді басып шығарып, оларды мынандай орындарға жапсырып шыққан:
- көше бағандарына;
- жол белгілеріне;
- кіреберіс есіктерге;
- шлагбаумдар мен кондиционерлерге.
Бейнебақылау арқылы ұсталды
Бұл әрекеттер қалалық бейнебақылау камералары арқылы тіркеліп, полиция қызметкерлері күдіктіні анықтады.
Үкім күшіне енді
Сотқа жеткізілген материалдар әйелдің кінәсін дәлелдеді. Мемлекеттік айыптаушының талаптары қанағаттандырылып, сот оны 3 жыл мерзімге бас бостандығынан айырды. Үкім заңды күшіне енді.
Прокуратура ескертеді
Астана қаласының прокуратурасы есірткі мен психотроптық заттарды жарнамалау — ауыр қылмыс екенін еске салады. Мұндай әрекет үшін мүлкі тәркіленіп, 6 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.