Қазақстандықтар 15 қыркүйекке дейін декларация тапсыруы тиіс: ол кімдерге қатысты
Декларация тапсыруы тиіс тұлғалар белгіленді

Елімізде 2025 жылдың 15 қыркүйегіне дейін жалпыға бірдей декларациялаудың екінші кезеңіне жататын Қазақстан азаматтары кірістері мен мүлкі туралы 270.00 нысаны бойынша декларация тапсыруға міндетті. Бұл рәсімді онлайн форматта – eGov.kz порталы мен eGov mobile мобильді қосымшасы арқылы жасауға болады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Кімдер есеп тапсыруы тиіс?
Декларацияны келесі тұлғалар тапсыруға міндетті:
- мемлекеттік қызметшілер;
- бюджет саласы мен квазимемлекеттік сектор қызметкерлері, сондай-ақ олардың жұбайлары.
Бұл есеп «Мүлік пен міндеттемелер туралы кіріспе декларацияны» (250.00 нысаны) тапсырғаннан кейін жүргізіледі.
270.00 нысанында не көрсетіледі?
270.00 нысаны келесі мәліметтерді қамтиды:
- кірістер туралы ақпарат;
- шетелдегі мүлік туралы мәліметтер, олар:
- жылжымайтын мүлік;
- көлік құралдары;
- бағалы қағаздар;
- цифрлық активтер;
- инвестициялық алтын;
- шетелдік компаниялардағы үлестер.
Сонымен қатар, ірі көлемдегі сатып алулар және шығындарды өтеу көздері туралы ақпарат антикоррупциялық заңнама аясында көрсетіледі.
Декларацияны онлайн қалай тапсыруға болады?
eGov.kz порталы арқылы:
- Порталда тіркеуден өтіп, «Азаматтарға» → «Кеден және салық» → «Салық салу» бөліміне кіріңіз;
- «Жеке тұлғаның кірістері мен мүлкі туралы декларацияны қабылдау (форма 270.00)» қызметін таңдаңыз;
- Қажетті мәліметтерді толтырыңыз;
- Мемлекеттік кірістер органын көрсетіңіз;
- Қызметті ЭЦҚ немесе қолжетімді басқа тәсілмен растаңыз;
- Қызмет көрсету мәртебесін жеке кабинеттегі «Қызметтерді алу тарихы» бөлімінен тексеріңіз.
eGov mobile мобильді қосымшасы арқылы:
- Қосымшаға кіріп, тіркеуден өтіңіз;
- «Қызметтер» → «Салықтар және қаржы» бөліміне өтіңіз;
- «Жеке тұлғаның кірістері мен мүлкі туралы декларацияны қабылдау (форма 270.00)» қызметін таңдаңыз;
- Деректерді толтырыңыз, кірістер органын көрсетіңіз;
- Қызметті қолжетімді әдіспен растаңыз;
- Қызмет көрсету мәртебесін жеке кабинеттегі «Қызметтерді алу тарихы» бөлімінен тексеріңіз.
Баламалы тәсілдер:
Декларацияны kgd.gov.kz сайтындағы Салық төлеушінің кабинеті арқылы немесе eSalyq Azamat мобильді қосымшасы арқылы да тапсыруға болады.