Семейде II Республикалық жас геологтардың далалық олимпиадасы өтеді
Оған Қазақстанның әр өңірінен 16 команда қатысады

2025 жылғы 8-15 шілде аралығында Семей қаласындағы КГКП «Геологиялық барлау колледжі» базасында II Республикалық жас геологтардың далалық олимпиадасы өтеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Олимпиаданың мақсаты:
- жастарды ерте кәсіби бағдарлау,
- оқушылардың геология ғылымына қызығушылығын арттыру,
- геологияны іргелі және қолданбалы ғылым ретінде насихаттау,
- дарынды оқушыларды анықтап, қолдау көрсету,
- геоэкология мен жер қойнауын ұтымды пайдалану мәселелеріне назар аударту,
- өскелең ұрпақты отансүйгіштікке, достыққа және туған жерге деген сүйіспеншілікке тәрбиелеу.
Олимпиаданы 2014 жылы ҚР ӨҚМ министрілігі, «АПГО РК» ЗТБ және «КОНГ» ҚБ қолдауымен құрылған «Жас геолог» корпоративтік қоры ұйымдастырып отыр.
«Қордың негізгі қызметі – жас геологтардың республикалық олимпиадаларын ұйымдастыру және өткізу, ел өңірлерінде геологиялық үйірмелер желісін дамыту, сондай-ақ жастар арасында кәсіби бағдар беру жұмысын жүргізу», - деп жазылған хабарламада.
Олимпиаданың демеушілері: Kazakhmys, ERG, Kazzinc, Yer-Tai, Геокен, «Алел» қаржы-инвестициялық корпорациясы» АҚ, «Эмбамунайгаз» АҚ,« ProLabSupport» ЖШС, Solidcore Resources компаниялары.
Қазіргі таңда Қазақстандағы тау-кен және геологиялық барлау салалары геология саласындағы білікті мамандардың тапшылығын сезініп отыр. Олимпиада ұйымдастырушылары бұл мәселені шешу үшін жастарды кәсіби даярлаудың кешенді әрі жүйелі тәсілін қалыптастыру қажет деп есептейді. Ал кәсіби бағдарлаудың ерте кезеңде басталуы бұл үдерісте шешуші рөл атқарады. Осы тұрғыда балалар мен жасөспірімдер арасындағы геологиялық қозғалысты дамыту – болашақ мамандарды қалыптастырудың маңызды әрі уақтылы қадамы болып саналады.
Олимпиадаға Қазақстан Республикасының әр өңірінен 16 команда қатысады.