Астанадағы LRT құрылысы: жол учаскесінде қозғалыс ішінара шектеледі
16 қазанға дейін № 108 LRT станциясында құрылыс-монтаждау жұмыстары жүргізіледі

Астана тұрғындары мен қонақтарына Қабанбай батыр даңғылының бір бөлігінде күздің ортасына дейін қозғалыс ішінара шектелетіні ескертілді, деп хабарлайды Azattyq Ryhy.
Жол тарылады
Елорда әкімдігінің мәліметінше 15 шілде сағат 23:00-ден бастап 16 қазанға дейін № 108 LRT станциясында құрылыс-монтаждау жұмыстары жүргізіледі.
«Осыған байланысты Қабанбай батыр даңғылының бойында Ұлы Дала даңғылынан Бұқар жырау көшесі бағытында қозғалыс ішінара шектеледі – жол бір жолаққа дейін тарылады. Кері бағытта қозғалыс өзгеріссіз қалады», - деп жазылған хабарламада.
Әкімдік қала тұрғындарынан сапарды алдын ала жоспарлауға шақырып, уақытша қолайсыздық үшін кешірім сұрады.
Бірқатар съезд уақытша жабылады
Еске сала кетейік, бұған дейін 13–16 шілде аралығында Мәңгілік Ел даңғылы мен Сығанақ көшесінің қиылысында жол жөндеу жұмыстары жүргізілуіне байланысты бірқатар съезд уақытша жабылатыны хабарланды.
Қалалық көлік және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасының мәліметінше, төмендегі бағыттарда көлік қозғалысы тоқтатылады:
- Мәңгілік Ел даңғылынан Сығанақ көшесіне бұрылатын жол,
- Сығанақ көшесінен Мәңгілік Ел даңғылына бұрылатын жол.