Танымал прокурор Олеся Кексель азаптау ісі бойынша күдікке ілінді
Бас прокуратура ақпаратты растады

Арнайы прокурорлар қызметінің бұрынғы басшысы Олеся Кексель азаптау ісі бойынша күдікке ілінді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Бас прокуратура қылмыстық қудалау фактісін растады.
«2025 жылғы 4 шілдеде Бас прокуратура Қылмыстық кодекстің 146-бабы 2-бөлігінің 1, 2-тармақтарына («Азаптау») сәйкес қылмыс жасады деген күдікпен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының Тергеу департаменті басшысының бұрынғы орынбасары О.И. Кексельді күдікті деп таныды», – делінген прокуратура таратқан хабарламада.
Прокуратураның мәліметінше, қазіргі таңда тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Іс бойынша өзге мәліметтер әзірге жария етілмейді.
Айта кетейік, Олеся Кексель бұрынғы Денсаулық сақтау министрі Жақсылық Досқалиевке, экс премьер-министр Серік Ахметовке, Денсаулық сақтау министрлігінің Фармация комитетінің бұрынғы төрағасы міндетін атқарушы Лариса Пакқа, сондай-ақ Ұлттық экономика министрлігінің экс-министрі Қуандық Бишімбаевқа қатысты істерді жүргізген.