«Келісілген матчтарға қатысы болуы мүмкін»: Қазақстанда екі төреші маусым соңына дейін шеттетілді
Қазақстан футбол федерациясы түсініктеме берді

Қазақстан футбол федерациясы (ҚФФ) «Тұран» – «Қызылжар» матчындағы төрешілік шешімге қатысты ресми түсініктеме берді. Ойын Премьер-лиганың 16-турында, 12 шілде күні өткен болатын, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Даулы эпизод пен қоғамдық резонанс
Матчтың 84-минутында болған эпизод қоғамда кең талқыланып, дау туғызды. Бұл сәт төреші Тимур Кумашев пен видеокөмекші Георгий Чеховскийдің жұмысына күмән тудырды. ҚФФ Төрелік және инспекция департаменті эпизодты жан-жақты саралап, бейнематериалдарды қарап шықты.
Сараптама нәтижесі: пенальти белгілемеу керек еді
Сараптама қорытындысы бойынша, «Тұран» қорғаушысы қарсылас шабуылшыны екі қолымен ұстаған, алайда шабуылшының әрекеті – симуляция, яғни әдейі құлау ретінде бағаланған. Мұндай жағдайда пенальти белгілеу дұрыс шешім болмаған.
Төреші бригадасы эпизодты кәсіби деңгейде сараптай алмады, үйлесімді әрекет ете алмауы салдарынан негізсіз шешім қабылданды.
Кумашев пен Чеховский келісілген ойындарға қатысы бар деген күдікке ілінді
ҚФФ Интегрити офицері екі маманның келісілген ойындарға қатысы болуы мүмкін деген күдікті мәлімдеп, тергеу басталғанын хабарлады. Бұған дейін Тимур Кумашев бір айға шеттетілсе, Чеховский де тергеу аяқталғанға дейін қызметінен уақытша шеттетілді.
Ресми шешім: маусымның соңына дейін шеттету
ҚФФ төрешілік жүйеге деген қоғамдық сенімді сақтау, әділдікті қорғау мақсатында және Интегрити офицерінің ұсынымына сәйкес:
- Тимур Кумашев ҚФФ аясында өтетін барлық матчтардан 2025 жылғы маусымның соңына дейін шеттетілді;
- Георгий Чеховский де 2025 жылғы маусымның соңына дейін ҚФФ матчтарында қызмет ете алмайды.