«Дауысын өзгертеді екен»: Ақтауда зейнеткер алаяқтардан қалай қорғанғанын айтып берді
Биыл аймақта 189 адам интернет-алаяқтың арбауына түскен

Ақтауда зейнеткер «банк қызметкерінің» алаяқ екенін біліп қалып, дереу сақтық шараларын қолданған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy 24kz-ке сілтеме жасап.
Дағыстан есімді Ақтау тұрғынына жуырда белгісіз біреу қоңырау шалған. Өзін банк қызметкерімін деп таныстыруынан күдіктенген зейнеткер байланысты үзген.
«Жолдасыма да, қызыма да, маған да телефоннан SMS-хабарлама келіп жатады. Оны біз айырып тастаймыз. Адам түрін өзгертеді, дауысты өзгертеді. Адамды алдаудың неше түрін дайындап қойыпты ғой бұлар», - дейді зейнеткер Дағыстан Сарбөпеев.
Көбіне зейнеткерлер алданады
Мамандар көп жағдайда интернет-алаяқтың арбауына зейнет жастағы адамдар түседі дейді. Сол себепті Ақтауда аға буын өкілдеріне кибералаяқтықтан сақтану жолдары түсіндірілді.
Жобаны «Mangystau Hub» орталығы және отандық телекоммуникация компаниясының мамандары бірлесіп ұйымдастырды. Алдағы уақытта олар аудан-ауылды аралап, тұрғындарға ІТ сала бойынша сауат ашу курсын тегін өткізуді жоспарлап отыр.
«Mangystau Hub» орталығының жетекшісі Әйгерім Мажтайдың айтуынша бұл семинардан алған білімді адамдар жеке деректерін сақтау, қауіпсіздікті сақтау мақсатында қолдана алады.
Өңірде 200-ге жуық адам алданған
Биыл аймақта 189 адам интернет-алаяқтың арбауына түскен. Алаяқтар алдап алған қаржының жалпы сомасы 600 млн теңгеден асады. Өңірде қылмыстың осы түрімен киберполиция айналысады. Құқық қорғаушылардың жедел іс-әрекетінің арқасында 110 млн теңге заңды иелеріне қайтарылды.
«88 қылмыстық іс аяқталып, тиісті сот органдарына жолданды. Жәбірленушілердің көбі үлкен кісілер. Яғни, 45-тен жоғары санатты азаматтар. Бүгінгі таңда осындай фактілермен облыс көлемінде бірталай қылмыскер ұсталды. Былай айтсақ, дроп-дропботтар ұсталды», - дейді облыстық ПД Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Айболат Мұрзашев.
Мамандар бейтаныс адамдардың нұсқауымен ешкімге ақша аудармауды ескертеді. Таныс емес нөмірден келген хабарламаны мұқият оқу керек. «Смс түріндегі хатта ғаламтор сілтемесіне өту керектігі жазылса, бірден бұғаттаған жөн», - дейді. Көпшілікке осы тектес нұсқаулар айтылатын танымдық семинар енді облыс көлемінде ұйымдастырылады.