Министрлік Алакөл демалыс аймағына қатысты қандай шұғыл шаралар қабылдамақ
Министрлік өкілдері жағалауды екі жағынан да аралап шықты

Қазақстанның Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов Алакөл демалыс аймағына жасаған жұмыс сапарының қорытындысын жариялады. Министрдің бұл сапары ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың сынынан кейін жүзеге асты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Екі облыс – бір проблема
Министрлік өкілдері Абай және Жетісу облыстары аумағындағы Алакөл жағалауын екі жағынан да аралап шыққан. Тексеру барысында жергілікті әкімдіктер мен бизнес өкілдерімен кездесулер өткен.
Жағдай қандай?
Тексеру кезінде туристік қауіпсіздік пен инфрақұрылымда бірқатар кемшілік анықталған. Министрлік таратқан ресми ақпаратқа сүйенсек, кейбір жағажайларда мынадай олқылықтар байқалған:
- Әжетханалар мен душ кабиналары жоқ
- Қоқыс контейнерлері жетіспейді
- Суға түсуге арналған қоршаулар орнатылмаған
- Құтқару мұнаралары мен ақпараттық белгілер жеткіліксіз
- Су көліктеріне бақылау төмен
- Қауіпсіздік талаптары сақталмайды
«Алакөл – елдегі ең танымал жазғы курорттардың бірі. Туристер легі жыл сайын артып келеді. Бірақ инфрақұрылым сол қарқынға ілесе алмай отыр», – делінген министрлік хабарламасында.
Министр тапсырма берді
Сапар қорытындысы бойынша бірнеше нақты тапсырма берілді:
- жағажайды санитарлық құралдармен жабдықтау;
- қосымша қоқыс жәшіктерін орнату;
- шағын кемелерге арналған қауіпсіз маршруттар белгілеу;
- шешінетін және жуынатын кабиналарды орнату;
- белсенді демалыс аймақтарын ұйымдастыру, көлеңкелі шатырлар орнату;
- құтқару мұнаралары мен суға түсетін баспалдақтар санын арттыру;
- жағажай аймағына арналған ақпараттық стендтер мен карта-схемаларды қамтамасыз ету.
Тоқаевтың сыны
Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Алакөл курортының жағдайын сынға алған болатын. Ол туристік маусым басталғанына қарамастан, жағажай инфрақұрылымының әлі күнге дейін дұрыс реттелмегенін атап өткен. Осы сыннан кейін премьер-министрдің орынбасары Ермек Көшербаев Жетісу облысындағы басты туристік бағыттардың бірі саналатын Алакөл көлі жағалауы инфрақұрылымының қазіргі жағдайымен танысты.